RU
Толық нұсқаға өту

Маңғыстаудағы Сыңғырлау ауылында 40 жылдан кейін алғаш рет асфальт жол төселді

27.11.2026, 17:20 21

Өзбекстанмен шекарадағы Сыңғырлау ауылына асфальт жол төселді.

Маңғыстаудың Бейнеу ауданына қарасты елді мекен көшелері соңғы 40 жылда жөндеу көрмеген. 

Ақтаудан шалғай ауыл халқы елімізді көрші елмен қосатын төте жол мен "Бейнеу-Бозой-Сексеуіл" бағытындағы жаңа трасса жиегіне демалыс нысандарын салып, жолаушыларға сервистік қызмет көрсетіп келеді.

Сыңғырлау аудан орталығынан 25 шақырым, ал Ақтаудан 490 километр қашықтағы ауыл. Көршілес мемлекетке көлікпен 1-1,5 сағатта жетуге болады. Жүзге жуық түтіні бар ауыл көшелері толық асфальтталған. Қазір жол белгілері орнатылуда. Жолдарды жөндеуге жергілікті құрылыс материалдары қолданылған.

Сәндігүл Тәжімова, Сыңғырлау ауылының тұрғыны:

- 40 жыл бойына біз асфальт көргеніміз жоқ. Осы мінеки бірінші рет. Ауылдың халқы түгел қуануда. Бұл ауылда басқа мәселе жоқ қиындық тудырып жатқан. Газымыз, тоғымыз барлығы бар уақытында.

Абай Әбуғалиев, "BM Holding" ЖШС атқарушы директоры:

- Бүтін ауылға асфальт салдық, бітірдік. Осы Маңғыстау облысының материалы барлығы. Битум Каспий битумдікі, инертті материалдар да бәрі осы жақтан.

Жол қатынасы жақсаруымен ауылдың кәсіпкерлік әлеуеті де артқан. Биыл жазда жолаушыларға сервистік қызмет көрсететін демалыс орыны іске қосылды. Өзбекстанға қатынайтын немесе облыс аумағына сапарға шыққандар енді осы жерде тынығады. Кәсіпкер жобаны жеңілдетілген несие арқылы жүзеге асырып, оннан аса адамды жұмыспен қамтып отыр.

Руслан Көкімбетов, кәсіпкер:

- Келім-кетім көп, жалпы бұл жерде. Жолшыбай адамдар, ауылдарға кетіп бара жатқан адамдар келіп, тамақ ішіп кетеді. Демалып отырады. Көлігі бұзылғандар келіп қона қояды хостелімізге. Президентіміз де айтып жатыр ғой ауылды дамыту, жолды дамыту деп, соған үлес қосып жатырмыз деп ойлаймыз.

Туристік маусымда демалыс орнына күніне жүзден астам жолаушы аялдайды. Сұраныс артуына орай іскер азамат келер жылы көлік жуу әрі жөндеу орталығы мен жанар-жағармай құю бекетін ашуды мақсат еткен.

Авторлары Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz