RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында газ инфрақұрылымы қауіпсіздігін бақылау күшейтілді

27.11.2026, 21:19 32

Қостанай облысында газ инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылау күшейтілді.

Жылыту маусымы басталғанға дейін «QazaqGaz» ұлттық компаниясының мамандары газ тарату желілерін ретке келтіріп, газ құбырларын тексеріп, ажырату құрылғыларының жай-күйіне тексеру жүргізді. Жоспарланған жұмыстардың барлығы белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалды. Қазір компания мамандары негізгі жабдықтар мен газбен жабдықтау жүйесінің жұмысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Қыс мезгілін қауіпсіз өткізу үшін Қостанай филиалының мамандары дайындық жұмыстарын алдын ала бастаған. Осы мақсатта бірқатар техникалық және профилактикалық шаралар жүзеге асырылды. Биыл 1209 газ реттеу пунктіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар ұзындығы 245 шақырымға жуық жерасты газ құбырлары тексерілді.

Еркебұлан Ермағамбетов, апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі:

- Қостанай өндірістік филиалы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын аяқтады. Қазіргі уақытта газдың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету мақсатында жабдықтардың жай-күйін тексеріп, тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 

Техникалық қызмет көрсетумен қатар газ мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жалғастыруда. Компания қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесіп рейдтер өткізіп, тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану талаптарын еске салады.

Бауыржан Сәтмағанбетов, "QazaqGaz Aimaq" АҚ Қостанай өндірістік филиалының бас инженері:

- Ең бастысы – қауіпсіздік шараларына бейқам қарамау. Біздің ортақ мақсатымыз – апаттық жағдайлардың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау және Қостанай облысы тұрғындарын сенімді газбен қамтамасыз ету. Өздеріңізді сақтаңыздар, күтіңіздер. Мынау күзгі-қысқы маусымымыз аман есен, тыныш өтсін. 

Жылыту маусымында газ құрылғыларына түсетін жүктеме артады. Сондықтан мамандар тұрғындарды барынша сақ болуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Газдың сыртқа шығып жатқанын байқасаңыз, дереу апаттық қызметке хабарласу қажет. Айта кетейік, бүгінде Қостанай облысындағы 80-нен астам елді мекеннің тұрғындары табиғи газға қол жеткізген.

Авторлары Серік-Ибрагим Орынбек, Ермек Мұхамедьяров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz