Маңғыстау облысында бірнеше ірі құрылыс жобасы жүзеге асуда.
Мәселен, Ақтауда 10 мың көрерменге арналған стадион мен автовокзал салынып жатыр. Ал Бейнеу ауданында теміржол вокзалының құрылысы аяқталуға жақын. Ауқымды жобалар өңірдің спорт әрі көлік-логистикалық әлеуетін кеңейтіп, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды көздейді.
Аумағы 17 гектар болатын стадион Маңғыстаудың футбол тарихында алғаш рет салынуда. Сырт келбеті ерекше спорт нысанын халықаралық УЕФА ұйымы IV санатқа жатқызады. Жоба аясында қазақстандық теңбіл доп шеберлері өзара тәжірибе алмасатын жаттығу академиясы іске қосылады деп күтіледі.
Азамат Өсімбеков, "VD Stroy Engineering" ЖШС бас директоры:
- Газоны табиғи болады. Жалғыз стадион емес, бұл жерде академия болады. Осы өңірде ең бастысы жаттығу процесі дейміз ғой, біріншіден, командалар ойнайтын жері болатын болады.
Заманауи үлгідегі автовокзал Ақтаудың №36 ықшам ауданында бой көтерді. Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция жұмсалған. Үш қабатты зәулім кешен тәулігіне 10 мың жолаушыға дейін қабылдап, қызмет көрсетеді.
Еділ Ратов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:
- Жалпы облыс ішіндегі маршруттарды бір орталыққа шоғырландыруға негізделген. Ішкі әрлеу, абаттандыру, жұмыстары жүргізілуде.
Бейнеудегі теміржол вокзалы бір уақытта мыңнан астам жолаушыны қабылдай алады. «Ғимарат аумағы 3,5 мың шаршы метр. Бұрынғы вокзалдан 15 есе үлкен», дейді мамандар.
Сисенбек Қалдықараев, Бейнеу аудандық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қазір халық қуана, қашан ашылады деп күтуде. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып жатқан құрылыс. Алда енді бұл вокзалды мердігер мекеме тарапынан жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа вокзалда күту залдары, жолаушыларға арналған демалыс аймақтары қарастырылған. Қазір құрылыс алаңында жүзден астам адам жұмыс істеп жүр.
Авторлары Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Маңғыстау #құрылыс #жоба #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz