RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында қайталап қылмыс жасау 31% азайған

27.11.2026, 21:45 39

Жамбыл облысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасындағы қылмыстардың қайталануы 31 пайызға азайған.

Былтыр 42 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 29-ға төмендеді. Бұған жүйелі профилактикалық жұмыстар мен есептегі азаматтарды еңбекке тарту ықпал етіп отыр. Бұл жайында Таразда өткен «Құқық, міндет, жауапкершілік» атты облыстық форумында айтылды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен форумға құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Телекөпір форматында ұйымдастырылған жиынға пробация есебіндегі, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және сотталған 500-ден астам адам қатысты. Жалпы қазір облыста пробация есебінде 1358 адам бар. Олардың жүріс-тұрысы цифрлық құрылғылар арқылы бақыланады. Биыл жергілікті бюджет есебінен 200 құрылғы сатып алынып, электронды білезіктер де қолданылуда.

Ғалымжан Әбдразақов, облыстық ҚАЖ департаменті пробация бөлімінің бастығы:

- Цифрлық пробация деген енгізілген. Ол әр сотталғанның ұялы телефонына орнатылған. Сол арқылы біз 24 сағат олардың қай жерде жүргенін бақылайтын боламыз. Былтыр 42 қылмыс тіркелген болатын. Ал биыл 29 қылмыс тіркеліп отыр. Қылмыс 30 пайызға төмендеп отыр. Аса ауыр қылмыс тіркелген жоқ.

Азаматтарды қоғамға қайта бейімдеудің тағы бір маңызды тетігі – жұмыспен қамту. Бүгінде облыстағы түзету мекемелерінде 2500-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың 82 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал пробация есебіндегі азаматтардың 67,5 пайызы, яғни 993 адам еңбекке орналасқан. Бұл олардың қоғамға қайта оралып, қалыпты өмірге бейімделуіне мүмкіндік береді.

Мейірлан Шотықов, облыс прокуратурасының аға прокуроры:

- Ағымдағы жылдың 11 айы бойынша 900-ден астам адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық. Жеке кәсіпкерлер бар. ЖШС бар. Бірінші мақсат - бұрын сотты болған азаматтарды бақылау емес. Бұл қоғамға қайтадан бейімдеу. 

Форумда қатысушыларға өз құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, заң талаптарын бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғаны айтылды. Сондай-ақ құқықтық көмек алу жолдары түсіндіріліп, азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Авторлары Мерей Бает, Бақытжан Бапаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz