Ескі автокөлік бөлшектері мен металл сынықтары енді ерекше өнер туындыларына айналып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Талғар қаласының тұрғыны жарамсыз темір-терсектен роботтар мен әлемге әйгілі фильм кейіпкерлерінің мүсіндерін жасайды. Бүгінде шебердің қолынан шыққан туындылардың саны 60-тан асқан. Ал кейбір ерекше жұмыстарының бағасы 20 миллион теңгеге дейін жетеді. Өнер иесінің шығармашылығымен тілшіміз танысып қайтты.
Қуаныш Мұхамеджанов Талғар қаласындағы шағын шеберханасында түрлі мүсіндер құрастырумен айналысады. Шебер ресайкл-арт, яғни қалдық материалдарды өнер туындысына айналдыру бағытында жұмыс істейді. Ол осы уақытқа дейін 60-тан астам робот жасап, жеке музейін ашты. Мұнда негізінен суперқаһармандар мен танымал мультфильм кейіпкерлерінің мүсіні қойылған. Оларға әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары.
Гүлбағира Қадырбаева, бастауыш сынып мұғалімі:
– Бірінші рет келіп тұрмыз. Балаларға танымды болсын, ой-өрістері кеңейсін, қызық болсын деп келдік. Оның үстіне, бұлардың бәрі – мультфильм кейіпкерлері. Балалар өз көзімен көрсін дедік. Қанша дегенмен, олар үшін өте қызықты. Балаларға олардың үлкендігін көру, шын мәнінде, көзбен көріп, қолмен ұстау ғажайып әсер сыйлайды. Олар тұрмақ, өзімізге де қызық.
Қуаныш Мұхамеджанов осыдан он шақты жыл бұрын қолда бар материалдардан алғашқы роботын құрастырды. Ол кезде бұл әуестігі болашақта негізгі кәсібіне айналады деп ойламаған. Шебер экологиялық бағытқа да үлкен мән береді. Ескі автокөлік бөлшектері мен тұрмыстық қалдықтарды пайдалану арқылы ол заттарға екінші өмір сыйлап, қайта өңдеу мүмкіндігін барынша көрсетуде.
Қуаныш Мұхамеджанов, мүсінші:
– Мынау – «Трансформерлер» фильміндегі Гримлок динозаврының мүсіні. Бұл – динобот. Оны автокөлік бөлшектерінен жасадым. Мына тістері ескі амортизаторлардан, автокөліктің тозған тежегіштерінен жасалған. Мысалы, мынау – автокөліктің гранаталары. Негізінен, барлығы дерлік ескі бөлшектерден құрастырылды.
Талғарлық шебердің туындыларына шетелдіктер де қызығады. Оның айтуынша, Түркия мен АҚШ-тан, соның ішінде Калифорниядан да бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныс түскен. Кейбір мүсіндерінің құны 20 млн теңге тұрады. Шебер алдағы уақытта жаңа туындыларын жасап, коллекциясын толықтыруды жалғастыратынын айтты.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #24KZ #қолөнер шебері #Алматы облысы #Талғар #роботтар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz