Алматыдағы №2 жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қазір станцияны табиғи газға көшіру жұмыстары 97 пайызға орындалды, деп хабарлайды 24KZ.
Үкіметтің мәліметінше, нысанда жабдықтарды іске қосу және баптау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша жаңа қуат 25 желтоқсанға дейін іске қосылады. Құрылыс алаңына мыңнан аса маман мен 83 техника жұмылдырылған. Мегаполистегі тағы бір энергетикалық нысанда жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. №3 жылу электр орталығына заманауи бу-газ қондырғылары орнатылады. Жоба жүзеге асқаннан кейін станцияның электр қуаты 500 мегаваттан асуы тиіс. Мұнда да мыңнан астам маман еңбек етеді. Екінші энергоблоктың құрылысына дайындық барысында бірқатар техникалық қиындық туындаған. Олардың қатарында топырақтың күрделі геологиялық жағдайы мен қолданыстағы жабдықтарды бөлшектеу қажеттілігі бар. Екі энергетикалық нысандағы жұмысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев тексерді. Ол жауапты мамандарға белгіленген мерзімдерді қатаң сақтап, құрылыс кестесінен ауытқуға жол бермеуді тапсырды.
Тегтер #24KZ #Алматы #ЖЭО #жаңғырту жұмыстары #табиғи газ #Нұрлыбек НәлібаевPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz