Ақтауда «Мейірім жәрмеңкесі» тақырыбында ауқымды шара өтіп жатыр. Танымдық әрі мәдени-ағартушылық бағыттағы іс-шараны Қазақстан Халық кеңесі ұйымдастырды, деп хабарлайды 24KZ.
Бір күндік жәрмеңке аясында тұрғындар зиялы қауым өкілдерімен еркін пікір алмасып қана қоймай, заң, медицина, психология және өзге де сала мамандарынан тегін кеңес ала алады.
«Достық» үйінде өтіп жатқан іс-шара бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Көпшілік алдымен креативті өнімдер, музей және «Қазақстандықтар таңдаған 100 кітап» көрмесін тамашалады. «Зиялы қауым – зияткер ұлт» атты форумда мемлекеттік қызмет, дін, мәдениет, білім және ғылым саласы ардагерлерімен ашық пікір алмасты. Жиында жастарды отансүйгіштікке баулу, отбасы құндылықтарын қадірлеуге үндеу мәселелері талқыланды.
Оразкүл Асанғазықызы, мемлекет және қоғам қайраткері:
– «Адамға нұрлы ақыл керек, ыстық қайрат керек, жылы жүрек керек», – деп Абай атамыз айтқан. Ал қазақта бұл бұрыннан болған. Біздің құндылығымыз солай болған. Ата-бабаларымыз сөзге тоқтаған, сөздің қадірін білген. Менің айтарым: өзіңді сыйла. Өзіңді сыйлаған адам айналасын да сыйласын.
«Мейірім жәрмеңкесі» аясында ұстаздар мен оқушылар бірнеше топқа бөлініп, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабының мазмұнын талдады. Танымдық кездесу балалардың ой-өрісін дамытып әрі қоғам алдында жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Қамажай Қалбай, оқушы:
– Өсеміз, отбасы боламыз. Сол кезде біз отбасыда балаға не үйретуіміз керек, нені аңғаруымыз керек. Сол жайлы толық мағлұмат беруге бұл біз үшін таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын.
Гүлмира Балғожаева, облыстық Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы:
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан» құру бағдарламасындағы сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру бағытында осындай практикалық кеңес алаңдары ұйымдастырылып жатыр.
Шара аясында заңгерлер мен психологтар, сондай-ақ репродуктолог-дәрігерлер тұрғындарды тегін қабылдап, түсіндірме жұмысын жүргізді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #24KZ #Ақтау #жәрмеңке #Қазақстан Халық Кеңесі #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz