Жерұйыққа газ жетті. Ақтөбе облысының Алға ауданындағы шағын елді мекен көгілдір отын желісіне қосылды. Биыл инженерлік желі өңірдегі он ауылға жүргізілді. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 97,5 пайызы табиғи газ тұтынып отыр. Атауы елді елең еткізетін Жерұйық ауылының тұрғындары көгілдір отын мәселесін бірнеше рет көтерген еді, деп хабарлайды 24KZ.
Елді мекен халқының тілегі орындалып, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында үйлеріне табиғи газ кірді. Бибігүл Алтыбаева отын тасып, күл шығару бейнеті артта қалды дейді. Бастысы, енді отбасы бюджетін айтарлықтай үнемдейтін болды.
Бибігүл Алтыбаева, Жерұйық ауылының тұрғыны:
– Көмірдің бағасы да арзан емес, 28 500 теңгеге дейін барады. Біз жылына 5-6 тонна көмір алатын едік. Оны әкелу де үлкен мәселе болды. Енді Аллаға шүкір, газ келгесін үйіміз күні-түні жылы болады деп үлкен сенім артып отырмыз.
Көгілдір отын желісіне ауылдағы 74 үй мен мектеп, медпункт ғимараттары қосылды. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 194 млн теңге бөлінді. Жалпы биыл өңірде 4 мыңнан астам тұрғыны бар 10 елді мекенге газ құбыры тартылған.
Бауыржан Мырзағалиев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша 31 елді мекенге газ құбыры тартылып, 13 мың тұрғын газға қол жеткізді. 2026 жылға бізде он елді мекенге газ тарту жоспарланған болатын. Жалпы 4 200 адам көгілдір отынға қол жеткізді. Қазіргі таңда қамту көрсеткіші 97,5 пайызға жетіп, осы Жерұйық ауылына газ құбырын тарттық.
Алғамен қатар биыл көгілдір отын жүргізу жұмыстары Ойыл, Әйтеке би, Мәртөк аудандарында да атқарылды. Ал келер жылы 6 мыңнан астам тұрғыны бар 16 елді мекенге газ тарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде облыс халқының 98 пайыздан астамы табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков
Тегтер #Ақтөбе облысы #Жерұйық #ауыл #газPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz