RU
Толық нұсқаға өту

Ядролық полигон орнында орман пайда болмақ

28.11.2026, 18:10 24

Абай облысында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында үлкен орман алқабын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жоба бойынша 100 мың гектар жерге кемінде 260 млн ағаш егу жоспарланған. Кезінде ядролық сынақтар жүргізілген аумақты көгалдандыру оңай шаруа емес. Алдымен жердің қауіпсіздігін анықтап, су мәселесін шешу қажет, деп хабарлайды 24KZ.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін оның аумағы ұзақ уақыт бойы бос жатты. Енді осы жерге ағаш егіп, орман алқабын қалыптастыру ұсынылып отыр. Бірақ жұмысты бастамас бұрын жердің радиациялық жағдайын мұқият зерттеу қажет.

Әнуар Бейсенов, облыстық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Семей ядролық сынақ полигонының аумағы үш облысты қамтиды. Олар Павлодар, Қарағанды және Абай облыстары. Жалпы аумағы 1 млн 800 мың гектар. Оның 978 мың гектары Абай облысының жерінде орналасқан. Таза аймақтың көлемі 473 мың гектар, ал ластанған аймақ 505 мың гектар. Біздің басты мақсатымыз – ластанған аумақты таза жерден бөліп, арасына орман белдеуін қалыптастыру.

Ұлттық ядролық орталық мамандары 25 мыңнан астам сынама алып, зерттеу жүргізді. Нәтижесінде кейбір аумақтарда ластану деңгейі жоғары екені анықталса, енді бір бөлігін шаруашылыққа пайдалануға болады. Қазір мамандар қауіпсіз және ластанған жерлердің нақты шекарасын айқындауы тиіс.

Әсел Болатбекова, облыстық Экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы:

– Ең алдымен, радиациялық фонды анықтау қажет. Ұлттық ядролық орталығынан қорытынды алып, экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардан өту керек. Бұдан бөлек, топырақ құрамындағы радионуклидтерге және олардың топырақ пен өсімдіктерге таралуына талдау жүргізілуі тиіс.

Қуаңшылық жайлаған аймақта миллиондаған көшетті өсіру үшін тұрақты су көзі қажет. Осыған байланысты жоба аясында Шаған көлінің суын пайдалану мүмкіндігі де қарастырылуда.

Әнуар Бейсенов, облыстық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Қазір суды жеткізу жолдары талқыланып жатыр. Оны тасымалдау, канал немесе су құбырын салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Жобаны жүзеге асыруға шамамен 80 млрд теңге қажет. Қаржыны жеке инвесторлар мен халықаралық климаттық бағдарламалар арқылы тарту көзделген. Жалпы жоба кемінде 10 жылға жоспарланған. Егер бастама жүзеге асса, 100 мың гектар жерге кемінде 260 млн ағаш егіледі.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz