RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысына соңғы екі жылда 2,5 мыңнан астам адам көшіп келді

28.11.2026, 17:12 26

Тәуелсіздік жылдарында бір млн-нан астам этникалық қазақ тарихи Отанына оралды. Олардың отыз мыңнан астамы Павлодар облысына қоныстанды. Кейін бұл көшке ішкі көші-қон бағдарламасы қосылып, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар қатары көбейді. Кейінгі екі жылда өңірге 2,5 мыңнан астам адам көшіп келді. Мемлекет оларға жұмыс табуға жәрдемдесіп, баспана жалдау шығындарын өтейді. Қоныс аударушыларға үй алуға арналған тұрғын үй сертификаттары да беріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Павлодар облысындағы халқы сиреп қалған ауылдарға көшіп келіп, қоныстанып жатқан отбасылар аз емес. Олардың арасында қандастар да, ішкі көші-қон бағдарламасымен келгендер де бар. Солардың бірі – Медел Қабидың отбасы. Бір жыл бұрын Маралды ауылына көшіп келген отбасы мемлекеттен берілетін барлық көмекке қол жеткізіпті. Өздері де қол қусырып отырған жоқ. Қытайда жүргенде мал бағып, егін еккен. Осы кәсіпті жаңа қонысында да жалғастырмақ.

Медел Қаби, Маралды ауылының тұрғыны:

– Құжаттарым тез шықты. Уақытында бәрі ойдағыдай болып, алдымен қандастық мәртебесін алдық, одан кейін ықтиярхат рәсімделді. Содан соң көші-қонға құжат тапсырдық, оны да алдық. Үйге құжат тапсырдық, баспаналы болдық. Бәрі жақсы. Осы жерге келіп, балаларымыз оқып жатыр. Мектеп те жанымызда. Ағамыз бар, бірігіп осы жерде баз салдық. Сол базда жұмыс істеп жатырмын.

Ал Жеңісбек Қадырұлының отбасы 1993 жылы атажұртқа Моңғолиядан қоныс аударған. Дәрігері мен ұстазы, өнер адамы бар үлкен әулет жаңа жерге тез сіңісіп кетті. Әрқайсысы өз мамандығымен жұмыс істеп, өмірден өз орнын тапты. Жеңісбектің өзі де ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Қазір Павлодардағы музейлердің бірінде экскурсовод болып жұмыс істейді. Алғаш келген кезде мемлекет оларға мал беріп, шаруашылықтарын бастауға көмектескен.

Жеңісбек Қадырұлы, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Көшкен кезде балаларымыздың болашағын ойлап, Атамекенге оралуға шешім қабылдадық. Туған жерімізді қиып, осында еңбек етіп, тұрақтап қалу мақсатында келдік. Яғни біздің әулетімізде жеті ағайындымыз. Соның алтауы осы жақта тұрамыз, әлі күнге дейін осындамыз. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» дейді ғой. Жалпы, дүниежүзіне тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың басын қосып, ұйыстырып, Атамекенге шақырып, осында келіп жағдайларын жасап, жан-жақты қолдау көрсетіп отырғаны үшін, ең алдымен, елімізге алғысымызды білдіреміз.

Соңғы екі жылда Павлодар облысына ішкі көші-қон және қандас мәртебесімен 2 мың 539 адам келіпті. Бұл – 536 отбасы. Қандастар негізінен Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстаннан қоныс аударған. Жаңа жерге үйреніп, баспана тауып, жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан түрлі көмек көрсетіледі. Айта кетерлігі, өңірлік квотаға енгеннен кейін қандастар мен ішкі көші-қон арқылы келген азаматтарға берілетін көмекте ешқандай айырмашылық болмайды. Қолдау бәріне бірдей көрсетіледі.

Дулат Молдагелдинов, Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының бөлім басшысы:

– Көшіп келген отбасыға 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көмек беріледі. Одан кейін отбасы мүшелерінің әрқайсысына шаққанда 15 айлық есептік көрсеткіштен 35 айлық есептік көрсеткішке дейін жалға берілетін тұрғын үй ақысын немесе коммуналдық төлемдерді өтеуге қаражат бөлінеді. Сонымен қатар экономикалық ұтқырлық сертификаты бар. Оны тұрғын үй сатып алуға немесе үй салуға пайдалануға болады. Бүгінгі таңда оның мөлшері 1 625 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Теңгеге шаққанда бұл – 7 млн 228 мың теңге.

Ата жұртқа аңсары ауған ағайынның елге оралуы – Тәуелсіздікпен бірге басталған Ұлы көштің жалғасы. Содан бері шеттегі талай қазақ туған жердің топырағына табан тіреді. Тек 2026 жылдың басынан бері 3 335 отандасымыз елге оралып, қандас мәртебесін алған. Ал Тәуелсіздік жылдарында тарихи Отанына оралған этникалық қазақтардың саны 1 миллион 168 мыңнан асты.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz