Мәдениет қайраткерлері де саяси науқаннан шет қалған жоқ.
Бүгін өнер майталмандары Астанадағы тұрғылықты мекен-жайы бойынша сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасап кетті. «Жұрттың қамын күйттейтін жандарды халық өз ішінен дауыс беріп сайлауы – әділ қоғамның бірден бір белгісі», дейді олар.
Саяси науқанға асқан жауапкершілікпен қарайтын жанның бірі танымал өнер иесі Майра Ильясова. Кеше Алматыда концерт беріп, түнде Астанаға ұшқан халық артисі таң атысымен мекен-жайына қарасты сайлау учаскесіне келді.
Майра Ильясова, Қазақстанның халық артисі:
– Халықтың қамын ойлайтын, ата-апаларымызды ойлайтын, үлкендерді, мүгедектерді ойлайтын, сондай бір тамаша азаматтар сайланады деп ойлаймын. Өзім қалаған партияға дауысымды бердім. Екі-үш адам екен, екеуін білем, біреуін онша танымадым. Шынымды айтайын. Ол танитын адамдардан осы халықтың сенімінен шығады-ау деген адамға дауыс бердім.
Дауыс берген өнер иелерінің арасында актер Әділ Ахметов пен ақын Мақпал Мыса да бар. Олар Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда орналасқан сайлау учаскесіне келіп таңдауын жасады. Әділ Ахметов депутаттыққа үміткердің әрқайсысын танитынын, және олардың сайлауалды бағдарламасына қанық екенін айтады.
Әділ Ахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер:
- Мен енді Астана қаласында жастар театрында қызмет еткендіктен өзіміздің ауданның мәслихат депутатын сайлауға мүмкіндігімді пайдаланып отырмын. Өз дауысымды бердім. Және әрбір адам өзінің таңдауын жасау керек деп есептеймін.
Мақпал Мыса, ақын:
- Халықтың өмірі, денсаулығы, жағдайы әрбір осы қаладағы тіршілікке тікелей жауап беретін және көтеретін, көтеріп қана қоймай шешуге күш салатын ол депутаттардың міндеті. Сондықтан да әрбір сайлаушы өзінің жауапкершілігін сезініп, азаматтық таңдауын жасап жатыр. Мен де өз таңдауымды жасадым.
Мемлекет және қоғам қайраткеркерлері, әйгілі әнші-ақындар, халыққа танымал тұлғаның бәрі бас шаһардың көркеюін тілейді. «Оған үлес қосатын мәслихат депутаттарын сайлау тікелей міндетіміз» деп біледі олар.
Авторы Бақыт Топтаева
Тегтер #тұлға #мәслихат сайлауы #24KZ #актерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz