Биыл Шығыс Қазақстаннан шетелге сатылған бал көлемі жеті есе артты. Енді жергілікті билік «Шығыс Қазақстан облысының балы» деген атаумен өңірлік бренд құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бал өндірушілерді консорциумға біріктіру және өнім сапасына қойылатын талаптарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселесі де талқыланып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы бал өндіруден елде бірінші орында. Өңірдегі омарталардан 3 мың тоннаға дейін табиғи бал жиналады. Оның басым бөлігі ішкі нарықта сатылады. Дегенмен омарташылар өнімін шетелге шығаруға ден қоя бастады. Себебі балдың ішкі нарықтағы құны экспорт бағасынан кемінде 1 доллар төмен. Ал тонналап сатқанда бұл айырманың өзі табысқа едәуір әсер етеді.
Омарташы Валерий Қасымбаев АҚШ-қа 100 тоннадан астам бал жөнелтуге дайындалып жатыр. Ал Франция кәсіпкерлері ұялы бал сатып алуға ниет білдірген. Валерийдің айтуынша, шетелдік сатып алушылар өздеріне таныс әрі сұранысқа ие өнімді таңдайды. «Сондықтан өңір балын ортақ брендпен сату маңызды», – дейді ол.
Валерий Қасымбаев, Қазақстан омарташылары қауымдастығының төрағасы:
– Ортақ брендтің өзі өнімге жарнама болады. Сол арқылы сұраныс та артады. Қазір жинаған балымызды көптеген шетелге шығаруға күш салып жатырмыз. Германиядан тапсырыс алдық. Сербиядан да өтінім түсті.
Жергілікті билік ортақ бренд арқылы бал экспортын ұлғайтуды көздеп отыр. Жоспар бойынша өңірдегі ең ірі омарта шаруашылықтары өнімдерін «Шығыс Қазақстан облысының балы» деген бірыңғай сауда белгісімен сатады.
Жаннат Көшерова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Бүгінгі күні географиялық анықтама тізімінде «Катонқарағай балы» бренд тізіміне енгізілген. Мұндай бренд жасау бекітілген кезде өңірдегі омарта шаруашылықтары өздерінің өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүмкіндік алады.
Ортақ бренд құрумен қатар, бал өнімдерін өндіру мен сатуға қойылатын фитосанитариялық талаптарды да біріздендіру көзделіп отыр. Жаңа брендтің сапа белгісі болуы керек. Биыл үкіметаралық ұзақ келіссөздерден кейін Қазақстан Еуропалық одақ елдеріне бал экспорттауға ресми рұқсат алды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #24KZ #Шығыс Қазақстан облысы #бал #омарташылар #брендPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz