Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 21 ауыл ішімдіктен бас тартты. Былтыр бұл бастаманы 16 елді мекеннің халқы қолдаған еді. Қазір облыстың 51 ауылында алкоголь өнімдері сатылмайды, деп хабарлайды 24KZ.
Полицияның мәліметінше, кейінгі жылдары бұл ауылдарда қылмыс тіркелмеді. Өңірде алкоголдің заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасып жатыр.
Сулышоқ ауылының тұрғыны Асхат Нүсіпов ішімдіктен бас тарту туралы шешімді қолдайды. Оның пікірінше, бұл – өскелең ұрпаққа үлгі көрсетудің бір жолы.
Асхат Нүсіпов, ауыл тұрғыны:
– Дұрыс. Ішпеген дұрыс. Артымыздан келе жатқан мына болашақ бүлдіршіндер, балалар бізге қарап, тәрбие алады.
Сулышоқта 200-ден астам адам тұрады. Ауыл әкімінің мәліметінше, соңғы жылдары мұнда құқықбұзушылық мүлде тіркелмеген.
Сарагүл Бейсебаева, Успен ауылдық округінің әкімі:
– Байсалды ауылдар қатарына кіруіміздің себебі – болашақтың барлығы жастардың қолында. Қазіргі кезде біз осы ішімдікке қарсы болған жастардың қалауы және қариялардың қалауымен өзімізді байсалды ауыл ретінде жариялай бастадық.
Мұндай бастама облыстың өзге елді мекендерінде де қолдау тапты. Қазір өңірдегі 51 ауыл алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан бас тартқан. Былтыр 16 елді мекен халқы ниет білдірсе, биыл тағы 21 ауыл қосылды. Бастаманың орындалуын полиция қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары бірлесіп бақылайды.
Балнұр Қалиахметова, қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы:
– Қазіргі статистикаға жүгінсек, көптеген қылмыстар мен құқықбұзушылықтар мас күйінде жасалуда. Ал алкогольді өнімдерді тұтыну мен сатудан бас тартқан ауылды мекендерде бұл қылмыстар тіркелмеген. Сондықтан да бұл бастама үлкен нәтижесін осы орайда көрсетуде.
Сонымен қатар полиция алкогольдің заңсыз саудасымен күрес жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 10 мың литрге жуық спирттік өнімді тәркілеген.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #24KZ #Солтүстік Қазақстан облысы #ішімдік #ауылPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz