RU
Толық нұсқаға өту

Мәслихат сайлауы – демократия мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың маңызды тетігі

29.11.2026, 21:15 27

Таңертеңнен бастап тұрғындар сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасады. Олардың арасында алғаш рет дауыс берген жастар да бар. Өнер майталмандары да саяси науқаннан тыс қалмады, деп хабарлайды 24KZ.

Кейбір учаскелерде сайлаушыларды роботтар қарсы алып, ерекше көңіл күй сыйлады. Ал байқаушылар дауыс беру барысын бақылап, оның ашық әрі заң талаптарына сай өтуіне назар аударды.

Сайлау елдің әр өңірінде таңғы сағат жетіде басталды. Алғашқы дауыс берушілер учаскелерге келіп, өз таңдауын жасады. Қонаев қаласындағы №949 учаскеде сайлау барысын бақылаған Мейрамгүл Сейітқазиеваның айтуынша, заңбұзушылық тіркелмеді.

Мейрамгүл Сейітқазиева, байқаушы:

– Ауған соғысы ардагерлері ұйымының атынан келіп тұрмын. №949 учаске сағат 07:00-де ашылды, заңбұзушылық жоқ.

Қызылордадағы № 200-учаскеде сайлаушыларды роботтар қарсы алды. Адам-робот пен ит-робот тұрғындарға жол көрсетіп, дауыс беру тәртібін түсіндірді. Айти-лицейде орналасқан учаске саяси науқанға ерекше реңк берді. Ұйымдастырушылар осылайша, цифрлық технологиялардың күнделікті өмірдегі мүмкіндіктерін де көрсетті.

Ләззат Әбенова, №200 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

– Біз ІТ-мектеп болғандықтан сайлаушыларды ерекше түрде қарсы алып жатырмыз. Таңғы сағат 07:00-ден бастап келіп жатқан сайлаушыларға адам-робот пен ит-робот жол көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлауда.

Жетісу облысында сайлау күні алғаш рет дауыс берген жастардың қуанышы ерекше болды. Ескелді ауданы Шымыр ауылында тұратын егіз ағайынды Семён және Данил Потапенколар он сегіз жасқа толған соң алғаш рет сайлауға қатысты. Болашақ заңгерлер №118 учаскеге келіп, өз таңдауларын жасады.

Семён Потапенко, Шымыр ауылының тұрғыны:

– Бірінші рет сайлауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл – менің таңдауым. Дауыс беру дегеніміз – адамның жеке құқығы. Мен өз құқығымды пайдаландым. Келешекте заңгер болып, адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғағым келеді.

Сайлау учаскелеріне өнер майталмандары да келді. Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясова елдің болашағына бейжай қарамайтын азаматтар өз таңдауын жасауы маңызды екенін айтады. Әнші халықтың сенімінен шығатын үміткерлерге дауыс берген.

Майра Ильясова, Қазақстанның халық әртісі:

Халықтың қамын ойлайтын, ата-апаларымызды ойлайтын, үлкендерді, мүгедектерді ойлайтын, сондай бір тамаша азаматтар сайланады деп ойлаймын. Өзім қалаған партияға дауысымды бердім.

Актер Әділ Ахметов пен ақын Мақпал Мыса да Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда орналасқан учаскеде дауыс берді. Әділ Ахметов өз округіндегі кандидаттарды жақсы білетінін, олардың сайлауалды бағдарламаларымен таныс екенін жеткізді.

Әділ Ахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Мен Астана қаласындағы «Жастар» театрында қызмет еткендіктен, өзіміздің ауданның мәслихат депутатын сайлауға өз мүмкіндігімді пайдаланып отырмын. Өз даусымды бердім. Әрбір адам өзінің таңдауын жасауы керек деп есептеймін.

Сайлау күні өңірлерде байқаушылар да жұмысын жалғастырды. Батыс Қазақстан облысында дауыс беру барысын 783 байқаушы қадағалады. Олардың қатарында кандидаттардың сенімді өкілдері, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері бар. Деркөл шағын ауданындағы №44 учаскеде жұмыс істеген Жанар Сарбопина сайлау процесі ашық өткенін айтады.

Жанар Сарбопина, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының өкілі:

– Қазіргі уақытта сайлау учаскесінде ешқандай заңбұзушылық, кедергілер болған жоқ. Сайлаушылар келіп, өз дауыстарын ашық түрде еркін беріп жатыр. Біздің мақсатымыз – сайлаудың ашық әрі әділ түрде өтуіне үлес қосу.

Осылайша, сайлау күні әр өңірде өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Бірі алғаш рет дауыс берсе, енді бірі елге танымал тұлғалардың таңдауына куә болды. Ал байқаушылар сайлау барысының ашық өтуін қадағалады. Кешкі сағат сегізде учаскелер жабылып, дауыс санау басталды. Енді мәслихат депутаттары кім болатыны сайлау қорытындысы бойынша анықталады.

Авторлары: Дариға Ташенова, өңірлік тілшілер қосыны

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz