RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласында жұмысшы тапшы

11.02.2025, 13:31 1546

Технологияның дамуы мен жаңа салалардың өркендеуі еңбек нарығында үлкен өзгерістерге алып келді. Түркияда қазіргі таңда құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты дәстүрлі сала мамандарына сұраныс артқан, деп хабарлайды 24kz

Ал кей мамандықтар бойынша жоғары жалақы ұсынылғанына қарамастан жұмысшыларды табу қиынға соғып отыр.

Меруерт Қанағат, тілші :

- Түркиядағы еңбек нарығында кей салалардағы кадр тапшылығы, оның ішінде жұмысшы мамандардың жетіспеушілігі қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналған. Әсіресе, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін мамандарға сұраныс өте жоғары. Мәселен, Түркияда 800 мың теңгеден асатын айлыққа шопандар жетіспейді. Фермерлер бұл іспен айналысатын жандарға үй беріп, азық-түлігін тегін жеткізіп тұруға дайын. «Тіпті жылдамдығы жоғары интернетпен де қамтамасыз етеміз», - дейді. Ал, құрылыс саласында кран жүргізушілері мен техникалық операторларға сұраныс жоғары. Бірақ жалақылары теңгеге шаққанда 2 млн-нан асса да, бұл салада жұмысшы табу қиын. Салдарынан техникалық мамандардың жетіспеушілігі айтарлықтай қиындықтар туғызып отыр.

Ясин Демиркапы, инженер:

- Құрылыс саласында университет бітірген мамандар көп. Дегенмен, біз секілді қысы-жазы, суық-ыстықта құрылыс алаңында жұмыс істегісі келетіндер аз. Жас мамандардың да тәжірибесі аз. Ал, бізге дайын маман керек. Жобаларымызды уақытында сапалы жеткізуіміз тиіс. Біздің кезімізде жастайымыздан осында құрылыста жұмыс істейтінбіз. Ұсталардан үйреніп, өзімізді жетілдіретінбіз. Жалақы мәселе емес. Бастысы, білікті әрі тұрақты маман табу.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Жалпы Түркияда жұмыссыздар саны 3 млн-нан асады. Десе де, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір төмен. Сонымен қатар кейбір салаларда жұмысқа орналасу мүмкіндіктері артқан. Мысалы, қауіпсіздік қызметкерлері, сатушылар, туризм және қызмет көрсету секторында оң өзгерістер байқалады.

Ведат Ышыхан, Түркияның еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрі:

- 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 986 мың адамға артып, 32 млн 748 мыңға жетті. Жұмыспен қамтылу деңгейі сол уақытта 1,2%-ке өсіп, 49,6% құрады. Қазір 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда еңбек күші 925 мың адамға артқанын көріп отырмыз.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Еңбек нарығындағы бұл өзгерістер елдің экономикасына да біршама әсер етті. Енді билік жұмысшы мамандар тапшы салаларда осы мәселені шешу үшін жаңа шаралар қабылдауды көздеп отыр.

Авторы: Меруерт Қанағат

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz