RU
Толық нұсқаға өту

Ұлыбританияда 200 компания 4 күндік жұмыс аптасына көшті

13.02.2025, 09:40 1684

Ұлыбританияда ресми 4 күндік жұмыс аптасы енгізілді. Әзірге 200 компания осындай режимге көшкен. Көп ұзамай Токиодағы мемлекеттік қызметшілер де аптасына тек 4 күн еңбек етеді.

Ұлыбританияда 200 компания 4 күндік жұмыс аптасына көшті

Ұлыбританияда төрт күндік жұмыс аптасы ресми түрде енгізілді. Қазіргі уақытта бұл режимге 200 компания көшті. Әзірге мұндай жүйеге тек үш кәсіби топ ауысты. Олар: маркетологтар, IT-мамандары және қайырымдылық ұйымдарының қызметкерлері. Guardian басылымының хабарлауынша, өзгерістер қызметкерлердің табысына әсер етпейді. Өз кезегінде компаниялардың директорлары бес күндік жұмыс аптасы қазіргі заман талабына сай келмейтінін алға тартып, жаңа жұмыс кестесі адамдарға бақытты өмір сүруге мүмкіндік береді дейді. Жергілікті Spark Market Research зерттеу компаниясының деректеріне сәйкес осындай бастаманы негізінен 18-34 жас аралығындағы жастар қолдайды.

 

Испанияда жұмыс күні жарты сағатқа қысқарады

Испания билігі жұмыс аптасын 2,5 сағатқа қысқартпақ. Яғни жұмыс аптасы 40 сағаттан 37,5 сағатқа дейін азаяды. Ал қызметкерлердің жалақысы өзгеріссіз қала береді. Үкіметтің пікірінше, жаңа жұмыс кестесі қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Аталған реформа қазір парламентте қаралып жатыр. Егер ол қабылданса, қысқартылған жұмыс аптасына 12 миллионнан астам адам көшеді.

 

Токиодағы мемлекеттік органдар 4 күндік жұмыс аптасына көшеді

Токио қаласында төрт күндік жұмыс аптасы енгізілмек. Жаңа ережелер сәуір айынан бастап күшіне енеді. Бұл шара 170 мыңнан астам мемлекеттік қызметкерді қамтиды және олардың жалақысы толық сақталады. Баласы бар қызметкерлерге отбасымен көбірек уақыт өткізу үшін күніне екі сағат ертерек жұмысқа келуіне рұқсат беріледі. Осылайша билік тұрғындардың туу көрсеткішін арттыруды жоспарлап отыр. Жастар тұрмысқа шықпайды, өйткені баспана бағасының, жалға алу, білім беру және бала күтімінің шығындары артып барады. Статистикаға сүйенсек, өткен жылдың бірінші жартысында елде 350 мың нәресте дүниеге келген. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Демографиялық дағдарыстың тағы бір себебі ретінде сарапшылар елдегі қатаң еңбек этикасын атайды. Жұмыстың көптігі кейде жұмысшыларды «карасиге» – қажудан болатын өлімге әкеліп соқтырады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz