Өзбекстанда шаң көтеріп, ауаны ластағандарға айыппұл салынуы мүмкін. Бұл норма әсіресе құрылыс компанияларына қатысты. Тиісті құжатты Сенат депутаттары мақұлдады. Заңда көрсетілгендей, айналаны шаңдатқандарға 3 млн сумнан 18 млн сумға дейін айыппұл салу көзделген.
Ол біздің ақшаға айналдырғанда шамамен 120 мың мен 700 мың теңге аралығында болады. Кейбір депутаттар айыппұл соммасының аз екенін айтып, оны пәтер бағасының шаршы метрімен теңестіруді сұрады. «Себебі құрылыс компанияларына экологияға бас ауыртпай, айыппұл төлеп жүре берген әлдеқайда тиімді», – дейді олар. Заңның орындалуын экология инспекторлары қадағалайды. Табиғат жанашырларының келтірген дерегіне сүйенсек, 500 шаршы метр құрылыс алаңынан ауаға шамамен 4,5 тонна шаң тозаң көтерілетін көрінеді.
Покиза Ахмеджанова, Өзбекстан Олий Мәжіліс сенаторы:
- «Ашық құрылыс» порталында заңды белшесінен басқан құрылыс компанияларының ұпайларын алу қажет. Рейтингі төмен болса тұтынушылар оларды айналып өтеді. Қазір осындай тәсіл заңсыз ағаш кескендерге қолданылып жатыр. Салдарынан үлкен компаниялардың рейтингілері түсіп кеткен.
Экология министрлігінің өкілі депутат ұсынысын қолдап, заң шыққаннан кейін арнайы талап енгізілетінін жеткізді. Еске сала кетейік, әлемнің ірі қалаларында ауа сапасын нақты уақыт режимінде бақылайтын Швецарияның «IQ Air» компаниясының дерегінше Ташкент қаласы экологиясы нашар алғашқы ондықтың тізімінде тұр.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz