RU
Толық нұсқаға өту

Қытайлар егіс алқабына арналған агропойыз жасап шығарды

27.02.2025, 17:48 642

Қытайлар егіс алқабында жүретін агропойыз жасап шығарды, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа техника ауыл шаруашылығында жүк тасуға арналған. Шағын пойыз тек бақша ішімен қатынайды. Тың тәсіл диқандардың алқап басындағы бейнетін азайтып, жұмыс тиімділігін арттырған.

Шаруашылыққа арналған пойыз тоқпен жүреді. Біржолақты теміржол желісі бақша ішіне төселген. Пилотсыз қашықтан басқарылады. Жүк тасуға арналған бірнеше тіркеме арбасы бар. 200 келіге дейін жүк артуға болады. Оның ең басты артықшылығы таулы аймақтағы ойлы-қырлы алқаптарда оңай қатынайды.

Ли Ян, шаруа:

- Негізінен көкөніс пен құрал-саймандарды тиейміз. Көлік күннің ыстығында да жаңбырлы күндерде де кідірмей жұмыс істей береді. Өрге де, ылдиға да жүре алады. Жұмыс күшіне деген қажеттілік екі есеге дейін азайды. Менің 3 гектар жерім бар. Шағын пойыз оның кез келген бөлігіне бара алады.

Агропойызды алғашқы болып Юньнань провинциясының фермерлері қолданысқа енгізді. Қазір 60 шаруақожалық игілігін көріп отыр. Техника піскен дақылдарды тасымалдап, тыңайтқыштарды жеткізуге таптырмайтын құралға айналған.

Чэнь Цзюань, Мэндин қаласы өндірістік және технологиялар орталығының бас маманы:

- Мэндин қаласында 93 мың гектар жерде осындай пойыздар қатынайды. Мұнда жылына 480 мың тонна өнім жиналады. Таулы аймақтағы шаруалардың жұмысын жеңілдету мақсатында осындай шағын пойыздарды қолдану аясын кеңейтеміз. Қазір фермерлерден сұраныс көп. Ауыл шаруашылығы технологиясын инвестициялау көлемі биылдан бастап артады.

Инновациялық жаңалық ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырған. Сонымен қатар жалдамалы жұмысшыларға жұмсалатын шығын да азайған. Ал табыс көлемі 350 миллион долларға жеткен. Енді мұны жаппай енгізу жағы қарастырылып жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz