Құрма жаһандық экологиялық мәселелерді шешуде ерекше рөлге ие. Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздік ұйымының өкілдері осылай дейді. Бір құрманың жалпы 500-ге тарта түрі бар. Кейінгі жылдары зерттеушілер пайдаға жарар қасиеттерін анықтап келеді.
Құрма климат талғамайды
Құрма негізінен Араб елдерінде өседі. Көз алдымызға бірден шөл дала елестейтіні сөзсіз. Иә, шөлейттену – аймақтағы негізгі экологиялық мәселе. Араб елдері су көздерінің 57%-ін өзге елдерден алады. Аймақтағы қатаң климатқа қарамастан құрма ағашы жақсы өседі. Құрма пальмалары шөлейттенудің алдын алуда шешуші рөл атқарады. Дүниежүізілік азық-түлік қауіпсіздік ұйымының өкілдері осылай дейді. Өйткені жеміс көп суды қажет етпейді. Әсіресе заманауи суару әдістері қолданылса, құрғақшылыққа, жоғары температураға төзімді және климаттың өзгеруіне оңай бейімделеді. Әрі бір пальма ағашы жылына шамамен 100 келі жапырақ береді. Бұл жапырақтарда жоғары қоректік заттар мен органикалық материалдар бар. Ал бұл ауыл шаруашылығында сапалы тыңайтқыш ретінде қолданылады.
«Құрманы тұщы судың үштен бірін ғана пайдаланып суаруға болады. Бұл арқылы азық-түлік себетін әртараптандыру, сондай-ақ тамақтану мен азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту үшін маңызды басқа дақылдарды өсіру үшін миллиондаған литрді үнемдеуге болады» — Аугусто Беррера, халықаралық «ICBA» ауылшаруашылық саласын дамыту орталығының ғылыми қызметкері.
Құрма – саудиялықтардың ұлттық символы
Әлем бойынша құрманың ең ірі экспорттаушысы – Сауд Арабиясы. Жалпы араб түбегінде 40 миллион құрма ағашы болса, соның 25 миллионы Сауд Арабиясында өсіп тұр. Бұл жай ағаш немесе кіріс көзі ғана емес, саудиялықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған жеміс деуге болады. Тіпті елдің елтаңбасы мен ақшасында құрма бейнеленген. Яғни құрма саудиялықтардың ұлттық символына айналған. Десе де кейінгі жылдары саудиялықтар құрма өсіруден қалып бара жатыр. Оған себеп урбанизация. Бұл қалалардағы өсімдік жамылғысының ластануы мен қысқаруы және бетон ғимараттардың көбеюіне әкеледі. Бұдан бөлек, климат өзгерісі топырақтың эрозияға ұшырап, сорға айналуы да құрма өніміне әсер етеді.
Құрманың алмаға қарағанда дәрумені көп
5 түйір құрма адам ағзасына қажетті магнийдің, мыстың және күкірттің тәуліктік мөлшерін қамтамасыз етеді. Әдетте темірге бай жеміс десе ойымызға алма түседі. Алайда, алмаға қарағанда, құрмада дәруменнің көптігі дәлелденген. Оның құрамында темір әлдеқайда көп. Ал темір қан аздыққа пайдалы. Әрі құрмада B1, B2 витаминдерінің қатар кездесуі бауырға шипа. Құрмаға қатысты бірқатар зерттеулерде оның тамақ ауруына, жөтелге пайдалы екені айтылады. Тіпті қатерлі ісіктен сақтап, жүрек-қан тамырларына таптырмайтын ем екені анықталған. Сондай-ақ жүйке жүйесінің шаршауын басады. Мидың жұмыс істеу қабілетін күшейтеді. Ас қорытуға пайдалы. Ең маңызды тағы бір жайт. Құрма жүкті әйелдерге жеңіл босануға септігін тигізеді.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz