RU
Толық нұсқаға өту

Оңтүстік Кореяда Азиядағы ең ірі дрондар көрмесі ашылды

28.02.2025, 12:35 536

Қағаздан жасалған дрон, ұшатын мотоцикл, өнеркәсіптік альпинисі алмастыра алатын ұшқышсыз аппарат. Осы және өзге де құрылғылар Оңтүстік Кореядағы дрондар көрмесінде ұсынылды. Ауқымды іс-шараға 15 елден 300-ден астам компания қатысып жатыр.

Дрондар мен роботтар бүгінде барлық салада адам еңбегін алмастырып жатыр. Бұған Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан дрондар көрмесі дәлел. Мысалы, мына шағын ұшу аппараттары әуеден жауға шабуыл жасап, қылмыскерді ұстап, орманда енді тұтанып жана бастаған жерлерді алдын ала анықтай алады. Бұлардың ұшу жылдамдығы сағатына 250 шақырымға дейін жетеді. Бес дронды бір оператор басқара алады. Қуаты таусылған кезде арнайы станцияға барып қонып, ондағы роботтандырылған қол батареяларын небәрі төрт минутта ауыстырады. Ал мына дрон ғимараттардың терезелері мен қасбеттерін тазалауға арналған. Ол 600 және одан да жоғары биіктікке көтеріледі. Ұшқышсыз аппарат кей өнеркәсіптік альпинистерді жұмысынан айырғанымен бұл істі неғұрлым қауіпсіз еткен. 

Көрмеде дрондарды басқару орталығы таныстырылды. Монитордан ұшқышсыз аппараттың қай жерде орналасқаны көрініп тұрады. Орталықтағы арнайы сенсорлар ұшу алдында оның жағдайын тексереді. Ал мына біреуі бензин қозғалтқышымен жұмыс істейтін ұшатын мотоцикл. Мұндай көлік жүктерді жеткізу мен адамдарды құтқару үшін және әскери операцияларда қолданылады. Көрмеде ең жеңіл ұшқышсыз аппарат та көрсетілді. Оның салмағы бар болғаны бір келі, өйткені корпусы қағаздан жасалған. Оны екі сағаттың ішінде кез келген адам құрастыра алады.

Ким Хан Сан, қағаз дрондар жасап шығарушы компанияның менеджері:

- Бұл дрон қағаздан жасалғандықтан, радарлар анықтай алмайды. Сондықтан оны әскери мақсатта пайдалануға тиімді. Біз оның сыртын арнайы материалмен қаптадық. Соның арқасында дрон жаңбырлы күнде де ұша береді.

Азиядағы ең ірі дрондар көрмесінің ашылуына Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі қатысты. Іс-шара барысында Нұрғали Арыстанов Пусан қаласының мэрімен және осы елдің Сауда, индустрия және энергетика вице-министрімен екіжақты ынтымақтастықтың дамуын талқылады. Қазір ұшқышсыз аппараттарды жасау және басқару бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Былтыр елімізде Қазақстан-Корея дрон академиясының 67 түлегі сертификат алды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz