RU
Толық нұсқаға өту

Жануарлардың млн-нан астам түрі жойылып кетуі мүмкін

03.03.2025, 08:38 1171

Өйткені климат өзгерді, ормандар сиреді. Урбандалу үдерісі де бар.

Кейінгі үш ғасырда сүтқоректілердің 68 түрі мен құстардың 130 түрі жойылған.  Халықаралық табиғат қорғаушылар осылай дейді. Статистика күн санап өсіп жатыр. Енді қайтпек керек? Әлемдік қауымдастық табиғатты қорғау үшін қандай шараларды қолға алып жатыр? Фаунаны қорғау үшін біраз ел браконьерлікпен күресті күшейткен. Ал ғалымдар заманауи технологияның көмегімен оларды көбейтуге тырысып жатыр.

Австралиялық ғалымдар кенгурудың жасанды ұрығын өсірді

Жер бетіндегі жалғыз қалталы жануар кенгуруға алғаш рет жасанды ұрықтандыру әдісі қолданылды. Австралиялық ғалымдар осыдан екі апта бұрын медициналық процедураны жүзеге асырды. Олар жануардың өліп қалған аталық және аналық жасушасын пайдаланып, арнайы құтыда 20 эмбрион өсіріп шығарған. Ұрық толық тексеруден өткеннен кейін барып кенгуруға енгізіледі. Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, экстракорпоральды ұрықтандырудың көмегімен кішкентай кенгуруды өсіріп шығару үшін кемі 10 жыл қажет. Дегенмен, бұл әдіс жойылып кету алдында тұрған австралиялық ірі кенгуруды сақтап қалуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Андрес Гамбини, Квинсленд университетінің жетекші зерттеушісі:

-Біздің мақсатымыз — коала, түкті вомбат пен опоссум сияқты жойылу қаупі төнген жануарларды сақтап қалу. Әдетте олардың тіндеріне қолжеткізу оңай емес. Бірақ біз қазір бұл сүтқоректілердің жұмыртқасын жинау, өсіру және сақтау әдістерін жетілдіріп жатырмыз. 

Аң-құс жойылса, қоршаған орта зиян шегеді

Жер бетінен жойылып бара жатқан кенгуру ғана емес, аң-құстың мыңдаған түрі бар. Зоологтардың айтуынша, жабайы тіршілік иелерінің азаюы қоршаған ортаға кері әсер етеді. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикаға да ықпал етуі мүмкін. Мысалы, теңіз кәмшатын шамадан тыс аулау ламинария балдырын жейтін теңіз кірпілерінің өсуіне әкеп соқты. Бұл түптеп келгенде, Беринг теңізінде балдырды біржолата жойып жіберді.

Флоренс Граттарола, Чехия университетінің биологы:

-Кез келген аң-құс атаулы азайып кетсе, оның экожүйеге үлесі де жойылады. Шаһарлар салып, ландшафттарды ауыл шаруашылығы алқабына айналдыру жабайы табиғаттың жойылуына әсер етуі мүмкін. Өйткені бұл олардың табиғи тіршілік ететін ортасын бұзады. 

Жабайы табиғаттың 73%-ы жойылған

Жер үстінде тіршілік ететін пілден бастап су астындағы тасбақаға дейін жойылу алдында тұр. Кейінгі жарты ғасырда жабайы тіршілік иелерінің саны 73%-ға азайған. Дүниежүзілік табиғат қорғау қорының мәліметі бұл. Аң-құстың кему көрсеткіші Латын Америкасы мен Кариб аймағында жоғары – 95 пайыз. Ал қара құрлықтағы жануарлардың саны 76 пайызға азайған. Азия мен Тынық мұхитында да жабайы аңдардың қатары кеміп барады.  Көрсеткіш – 16 пайыз. Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна иелерінің ең төменгі деңгейі Орталық Азияда 35%. Бұған адам қолымен жасалатын браконьерлік, жұқпалы аурулар мен климаттың өзгеруі себеп.

Жер бетінде кірпі азайып барады

Тікенекті кірпіні білмейтін жан жоқ. Өйткені бұл жануар жер бетінің барлық аймағын мекен етеді. Бірақ оның да саны кеміп барады. Кейінгі он жылда кірпі популяциясы 30%-ға азайған. ЮНЕСКО-ға қарасты халықаралық табиғатты қорғау ұйымының дерегі осындай. Егіншілік, жол құрылысын жүргізу, пестицидтерді қолдану сияқты факторлар тікенқап тұқымының құрып кетуіне әсер етіп отыр. Мұның салдары ауыл шаруашылығы мен бау-бақшаға кері әсерін тигізуі мүмкін деп дабыл қағып отыр мамандар. Өйткені кірпілер егіншілікке кесірін тигізетін құрт-жәндікті жеп, жойып отырады. 

Қызыл пандаға қауіп төніп тұр

Мына сүйкімді қызыл пандаларға да жойылып кету қаупі төніп тұр. Өйткені жануарға қарсы браконьерлік тыйылмай тұр. Негізінен қызыл пандалар Қытай, Үндістан, Непал, Бутан және Мьянманың тау-ормандарын мекендейді. Қазір олардың саны 10 мыңнан аз. Әлемнің біраз елінде жануарды атуға қатаң тыйым салынған. Заңсыз әрекетке барған адам 10 жылға сотталады. 

Ғасыр соңында ақ аюлар мүлдем жойылуы мүмкін

Адамзаттың іс-әрекетінен ғасыр соңына таман ақ аюлар жер бетінен жойылып кетуі мүмкін. Ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр. Әсіресе Гудзон шығанағында жағдай қиын. Шығанақтың батыс бөлігінде 600-ақ аю мекен етеді. 40 жыл бұрын олардың саны екі есе көп болған. Ғалымдар: «Бәріне жаһандық жылыну себеп», ­­˗ дейді. Жылдан жылға мұз әдеттегіден ерте еріп, кеш қататын болған. Содан ақ аюлар итбалықтарды жөнді аулай алмай, аш қалып жатыр.  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz