Жер бетінде аң-құс азайса, Үндістанда жолбарыс көбейді. 12 жылда бұл жыртқыштың саны 2 есе артқан. Бұл - жануарларды қорғау ұйымдары ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін де қуанышты жаңалық.
Өйткені олардың табысының артуына септігін тигізіп отыр. Жолбарыс популяциясының артуына не себеп?
80 жыл бұрын Үндістан аумағында 40 мыңға жуық жолбарыс мекен еткен. Бірақ 2010-шы жылдарға таман олардың саны күрт азаяды. Ондаған мың жыртқыштан 1700 ғана қалады. Бұған жануарлардың тіршілік ету мекенінің азаюы және заңсыз аңшылық себеп. Содан жергілікті билік жолбарыстың популяциясын қалпына келтіру бойынша ауқымды іс-шараларды қолға алды. Қорықтарды бақылауды күшейтіп, жыртқыштардың шабуылынан зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлеу бағдарламасын іске қосты. Браконьерлерге қарсы заңды қатаңдатты. Көп ұзамай қолға алынған шаралар нәтижесін берді. 2010-жылы Үндістанда 1706 жолбарыс мекен етсе, 2022 жылы саны оның саны едәуір көбейіп 3700-ге жуықтайды.
Ядвендрадев Джхала, Үндістан ұлттық ғылым академиясының өкілі:
- Біздің зерттеу 2006-жылдан бері жалғасып келеді. Бұрындары жолбарыстардың тіршілік ететін мекені 70 мың шаршы шақырымдай болатын. Бірақ ауқымды өзгерістердің нәтижесінде қазір бұл аумақ 130 мың шаршы шақырымға дейін жетті.
Зерттеу нәтижесі тек жануарларды қорғау ұйымдарын ғана қуантып отырған жоқ. Тұрғындар да мұның жақсы жаңалық екенін айтады. Өйткені жолбарыстар көбейгесін экотуризм дамып, жергілікті жұрттың табысы артқан.
Ядвендрадев Джхала, Үндістан ұлттық ғылым академиясының өкілі:
- Халықтың тығыз орналасуы жыртқыштар санының көбеюіне кедергі етеді деген қате түсінік қалыптасқан. Біздің зерттеуіміз мұның бәрі негізсіз екенін көрсетіп отыр. Халық санынан гөрі сол адамдардың жануарларға деген көзқарасы әлдеқайда маңызды.
Бүгінде әлемдегі жолбарыстардың 75 пайызы осы Үндістанда мекен етеді. Бұл жануарлар Ресей мен Оңтүстік-Шығыс Азияда да кеңінен тараған. Зерттеушілер: «Үндістанның жетістігі өзге елдерге үлгі болары сөзсіз», - дейді.
Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Дана Ермак
Тегтер
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz