Ташкентте әлемнің 23 елінен 100-ден аса компания өкілдері бас қосқан халықаралық агрокөрме өтті, деп хабарлайды 24kz.
Ауылшаруашылық саласының іргелі ұжымдары су жаңа технологияларын көпшілік назарына ұсынды. Қазақстандық кәсіпорындар да өз өнімдерін көрсетіп, тұтынушылар назарына ілікті.
Дулат Нуркин, тілші:
- Рауан Қосаевтың компаниясы агрокөрмеге алғаш рет келді. Оның кәсіпорынында құрастырылатын тракторларға қызығушылар аз болмапты. Тіпті бірер компания келісімшарт жасауға ниет білдірген.
Рауан Қосаев, қазақстандық компания басшысы:
- Құрастыру бөлімінен бөлек, өзіміз де шығарып жатырмыз. Келесі тағы бір бағытымыз жаңбырлатып суару жүйесі. Оны 100% сатылымға көштік. Жалпы көрмеде біздің технологияға қызығушылар өте көп.
Агрокөрмеде қытай компанияларының үлесі басым. Аспан асты елі ауылшаруашылық саласына ғылыми тұрғыда ерекше мән береді. Мысалы мына желдеткіштер құс фермаларына арналған. Іштегі климатты реттеп қана қоймай, қоректілердің тәбетін ашатын функциясы бар.
Ким Ванг, Қытай компаниясының менеджері:
- Біздің компания құс фермаларына жаңа бір технология ұсынып отыр. Желдеткіштер ауаны тазалап, құстарға қолайлы климат жасайды. Азық-түлік қоймаларына да орнатуға болады. Бұл аппараттарды салқындатқышпен шатастыруға болмайды. Орталық Азия нарығына шыққымыз келеді. Көрмеге алғаш рет келіп отырмыз.
Соңғы жылдары Орталық Азия елдері агросалаға үлкен ден қойып отыр. Осы тектес көрмелер де жиі ұйымдастырыла бастады. Нәтижесінде ауылшаруашылық секторындағы алпауыттар Қытай мен Еуроодақтан серіктестер табылып, біріккен жобалар жасалуда.
Людмила Стайшюнайте, ұйымдастыру компаниясы PR департаментінің жетекшісі:
- Көрме бұл ұлттық компаниялардың шетелдік кәсіпорындармен байланыс орнатуына жақсы мүмкіндік береді. Тәжірибеге жүгінсек, көптеген отандық кәсіпорындар осы көрмеде өздерінің серіктестерін тапты. Ортақ бизнес жүргізіп жатқандары қаншама?!
Ташкенттегі агрокөрме 2006 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы аралықта 43 мемлекеттен екі мыңға жуық компания қатысқан. Ал шараны тамашалаған адам саны жүз мыңнан асыпты.
Авторы: Дулат Нуркин
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz