Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлұ төрт күн бойы жалғасқан тергеуден кейін қамауға алынды.
Саясаткер 19 наурызда тыйым салынған ұйымдармен байланыс жасап, жемқорлық әрекетке барды деген айыппен ұсталып, уақытша тергеу изоляторына жабылған болатын. Мэр ұстала салысымен басталған шерулер әлі басылмай тұр.
Қала басшысы бірінші сот отырысынан соң сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілікті. Сот процесі әлі жалғасады. Ал лаңкестік ұйым құрды және Түркияда тыйым салынған «Күрдістан жұмысшы партиясымен» байланысты деген айып бойынша шешім қабылданған жоқ. Имамоғлұ өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Сот отырысынан кейін оппозициялық «Республикалық халық партиясының» атынан сайланған Анкара мэрі Мансур Яваш алғаш боп пікір білдірді.
Мансур Яваш, Анкара мэрі:
- Айыптаулар құпия куәгерлердің арыздарына негізделген. «Республикалық халық партиясы» ешқашан тергеуге кедергі келтірген емес. Маған да ондаған инспектор келді. Өзіміздің инспекторлар да тексеріп жатыр, қорқатын жеріміз жоқ.
Елде ереуілдер төрт күннен бері толастамай тұр. Мұндай жиындарға тыйым салынуына қарамастан кеше түнгі шеруге бір миллионға жуық адам қатысты. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша 323 адам қамауға алынған. Шеруге тыйым 27 наурызға дейін ұзартылды. Сондай-ақ Ыстамбұлға басқа қалалардан кіріп шығуға шектеу қойылды. Ал Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған оппозицияны елдің әртүрлі қалаларында тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, шиеленіс тудыруға әрекет етіп жатыр деп айыптады.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Көшеге шығып, шерулетіп мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіруге жол берілмейді. Саясат пен әділеттілікті көше терроры арқылы басқарған күндер ескі Түркиямен келмеске кеткен дүние.
Дегенмен, қалыптасқан жағдайға қарамастан бүгін оппозициялық «Республикалық халық партиясының » 2028 өтетін президенттік сайлауға үміткерді таңдау бойынша праймеризі өтіп жатыр. Тізімде Ыстамбұл мэрі Экрэм Имамоғлұ жалғыз кандидат ретінде көрсетілген. Оппозиция өкілдерінің айтуынша, додада басқа партия мүшелері де дауыс бере алады.
Фариза Жанғанаева, Меруерт Қанағат
Тегтер #Ыстамбұл мэрі #Түркия #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz