RU
Толық нұсқаға өту

Кореяда орман өртінен 23 адам көз жұмды. LIVE

26.03.2025, 17:47 644

Оңтүстік Корея алты күннен бері  орман өртін сөндіре алмай жатыр.

Тілсіз жау 23 адамның өмірін қиды, олардың қатарында өртті сөндіруге жіберілген тікұшақтың ұшқышы да бар. Он мыңдаған тұрғын эвакуацияланды. Елге үндеу жолдаған премьер-министр әрі президенттің міндетін атқарушы бұл жағдайды ел тарихындағы ең алапат өрт деп атады. Төтенше жағдайға қатысты барлық мәліметті бізге Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой баяндауға дайын.

-Орман өртін сөндіру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Өрттің кең таралуына не себеп болған? Үкімет өртті сөндіру үшін қандай шаралар қабылдауда?

Владислав Цой, тілші:

- Өрт Оңтүстік Кёнсан провинциясындағы Санчхон уезінде 21 наурыз, жұма күні басталған. Кейін жалын елдің шығысына қарай ойысып, Солтүстік Кёнсан провинциясының солтүстік-шығыс аймағына таралды. Өрттің тез таралуына қатты жел мен құрғақ ауа райы себеп болған. Жалын шарпыған аумақ сағат сайын ұлғайып жатыр. 

Соңғы мәліметтер бойынша өрт он жеті мың жарым гектардан астам жерді шарпыған. От орман аймақтарына жақын ауылдарға да жетті. Көптеген үйлер түгелдей жанып кетті. Дәл осы уақытқа дейін 23 адам қаза тапты. Көбісі – эвакуациялануға үлгермеген егде жастағы азаматтар. Олардың денелері үйлерінен немесе жол бойынан табылды. Жалпы 27 мыңнан астам адам қауіпсіз айм аққа көшірілді. Көбісі Ыйсон уезі мен Андон қаласынан. Солтүстік Кёнсан провинциясындағы түрмеден 500-ге жуық тұтқын басқа мекемеге ауыстырылды. Өрт ел экономикасына миллиардтаған шығын әкелді.

Ыйсон уезіндегі мың үш жүз жылдық Гунса будда ғибадатханасы толық жанып кетті. Алайда, ғибадатханада сақталған 40-қа жуық ұлттық құндылықты қауіпсіз жерге көшіруге мүмкіндік туды. Сондай-ақ он алтыншы ғасырда салынған Манхёчжон храмы аман қалды. Андон қаласының мэриясы, Корей мәдени мұра қызметі және өрт сөндіру басқармасының 40-қа жуық қызметкері Манхенчжон ғимараттың ағаш бағандары мен іргетасын отқа төзімді жабындармен жапты.  Бұл материалдар мың градустан жоғары температураға шыдай алады. Қазір өрт Сеулден 190 шақырым қашықтықта орналасқан Хахве ауылына жақындап келеді. Бұл елді мекен 2010 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Желдің жылдамдығы ауыл маңында секундына 2–3 метрге жетіп отыр.

Үкімет өртті сөндіру үшін қандай шаралар қабылдауда?

Владислав Цой, тілші:

- Президент міндетін атқарушы әрі премьер-министр Хан Док Су ел халқына үндеу жасады. Ол Оңтүстік Корея тарихындағы ең үлкен орман өртінің болып жатқанын атап өтті. Егер жақын арада өрт сөндірілмесе, жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін, ал өртпен күресуге арналған ресурстар жеткіліксіз болуы ықтимал екенін ескертті. Бұл ел тарихындағы екінші ірі орман өрті саналады. Бұған дейін екі мыңыншы жылы елдің шығыс жағалауында осындай өрт болып, 24 мың гектарға жуық орман жанып кеткен еді. Төтенше жағдайдың деңгейі ең жоғарғы «қауіпті дәрежеге» көтерілді. 

Өртті сөндіруге жүз жиырма сегіз тікұшақ, мыңнан астам әскери қызметкер, 4 мыңға жуық өрт сөндіруші және төрт жарым мыңнан астам мемлекеттік қызметкер жұмылдырылды. Ыйсон уезінде өртті сөндіруге қатысқан тікұшақтың бірі таулы аймақта апатқа ұшырады. Бортта болған жалғыз ұшқыш қаза тапты. Осы оқиғадан кейін билік тікұшақтарды пайдалануды уақытша тоқтатты, бірақ кейін қайта рұқсат берді. Өртті сөндіру жұмыстарына қою түтін мен нашар көріну жағдайы кері әсерін тигізіп отыр.

Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары түтіннің кесірінен тыныс алудың қиындауына байланысты бетперде тағуға мәжбүр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz