RU
Толық нұсқаға өту

Театр өнері Грекиядан бастау алады

27.03.2025, 07:30 661

Кез келген елді өзге жұрттан мәдениеті мен әдебиеті, салт-санасы мен тарихы, рухани дүниетанымы ерекшелеп тұрады. Сол сан өнердің ішінде театрдың орны бөлек. Иә, бүгін ұлы өнерді ұлықтайтын күн.

Театр өнері Грекиядан бастау алады

Театрдың түп-тамыры ежелгі Грекиядан бастау алады. Ең алғашқы қойылым б.з.д. V-VI ғасырда сахналанған. Көрерменге жеткен бірінші спектакль грек мифологиясындағы Дионис құдайының құрметіне қойылған. Кейін өнер мен күн құдайы Аполлон, Музалар қойылымдарға арқау болған. Тек гректер ғана емес, мысырлықтар, үнділер, жапондар да театр өнерін діни жоралғыларымен байланыстырады.

 

Көк түс – сәтсіздіктің белгісі

Мына қызықты қараңыз. Кей елдерде театр әртістеріне көк түсті киім кию қатаң тыйылған. Әсіресе Франция, Англия, Италияда қойылым барысында өнер иелеріне көк түсті киім киюге шектеу бар. Бірақ заңмен емес. Жергілікті халықтың ырым-тыйымға сенімінің арқасында бұл дәстүр әлі күнге жалғасып келеді.

Мысалы, француздар көк түсті костюм қып-қызыл шығын алып келеді деп сенеді. Ал Англияда мұндай киім киген әртіс сәтсіздікке ұшырайды деген наным бар. Өйткені орта ғасырларда көк бояу қымбат әрі оның реңі сапасыз болған. Сондай-ақ театрда жарықтың орнына майшам мен шырақ қолданылған соң көк түсті киім алыстан нашар көрінген. Осыдан барып актерлар көк түсті костюмнен біржолата бас тартқан. Ал сомдайтын рөліне қарай осы реңктегі киімді киюге мәжбүр болса, міндетті түрде ақ түстес аксессуармен үйлесімді ете білген. Бұл сәтсіздіктен қорғайды деп сенген.

 

Театрда ысқыруға болмайды  

Театрдағы қойылымға көңілі толған көрермен ризашылығын қол шапалақтап, ысқыру арқылы жеткізеді. Бұл біздің қоғамға жат емес. Ал Еуропа елдері мен Солтүстік Америкада театрда ысқыру – жаман ырым. Бұл әсіресе театр әртістері мен қызметкерлеріне қатысты. Яғни өнер иесі тапсырылған рөлді дұрыс сомдамаса, жұмыстан шығарылған. Қызметінен қуылған әртіс соңғы рет театрдан ысқырып кетеді екен. Уақыт өте келе бұл түсінік сәтсіздікке ұшырау деген наным-сенімге ие болды.

 

Қалампыр қошемет пе, қоштасу ма?   

Әртіске гүл сыйламас бұрын мұқият болған жөн. Неге дейсіз бе? Өйткені актерға сыйлайтын әр гүл театр әлемінде өзінше мән-мағынаға ие. Театр әртісі үшін раушан гүлін алу «Голливуд жұлдызы» атағына ие болумен пара-пар. Өйткені театр режиссерлері ең талантты әртіске осы гүлді ғана сыйға тартқан. Ал қарым-қатынас құрғысы келмейтін актермен байланысты үзу үшін сөзін шығын қылмайды. Тек қалампыр берсе болғаны. Құшақ қалампыр алу актер үшін сәтсіздікке ие. Әсіресе сары қалампыр сатқындықты сипаттайды.

 

«Макбет» қойылымы қарғыс әкеледі  

Уильям Шекспирдің «Макбет» шығармасын білмейтін адам кемде-кем. Әлемнің біраз елінде сахналаған бұл қойылым үнемі қайғылы жағдаймен аяқталған. Өйткені Шекспир пьесада сиқыршылар қолданған қарғыс сөздерді жазған. Бұл олардың ашуын туғызып, қойылымға қарғыс түскен деген сенім бар. Мысалы, 1849 жылы Нью-Йорктегі «Астор Плейс» театрында «Макбет» қойылымы барысында көрермендер арасында қақтығыс туып, 31 адам мерт болған. Ал 1937 жылы белгілі актер Лоуренс Оливье «Макбет» рөлін сомдау кезінде сахна шамы құлап, әртіс зардап шеккен. Содан бері театр актерлері «Макбет» деп айтуға жүрексінеді.

 

Лондондағы елес театры  

Лондондағы театр да тылсымға толы. Корольдіктегі Royal Drury Lane мәдени орны – әлемдегі ең атақты әрі қорқынышты театр. Өйткені мұнда күндіз-түні елес кезіп жүреді. Аңызға сенсек, бұл елес – XVIII ғасырда өмір сүрген актер Джозеф Граймалдидің рухы. Ол қойылым кезінде жұмбақ жағдайда көз жұмған. Содан бері оның елесі театрда кезіп жүреді-мыс. Оны театр әртістері ғана емес, көрермен де байқаған. Көзге анық көрінетін елес адам бейнесінде көрініп, кейін ғайып болған. Бір қызығы, театр басшылығы да мұны жоққа шығармайды. Керісінше, олар бұл жағдайды театр тарихының бір бөлігі санайды.

 

Жапонияда робот актриса өнер көрсетіп жүр  

Жапонияда театр сахнасында робот әртістер басты рөлді сомдап жүр. Geminoid F деп аталатын құрылғы Киото қаласындағы ең көне театр Minamiza Kabuki-де өнер көрсетеді. Ол адам эмоциясын, мимикасын дәл қайталайды. Дауысы мен әрекеті алдын ала бағдарламаланған. Осылайша Geminoid F актерлермен бірге сахнада өнер көрсетіп, жапон театр мәдениеті мен заманауи технологияның үйлесімін көрсетті.

Брайерли Лонг, актриса:

- Сюжет желісі бойынша мен жалғыздықтан қапа болғанымда робот көмекке келеді. Ата-анам сыйға тартқа құрылғы менің жанашыр досыма айналады. Жаным құлазығанда өлең оқып, сырласып, көңілімді аулайды. Яғни режиссер қойылым арқылы қоғамда роботтардың пайдасы мен тиімділігін көрсеткісі келеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz