Ұлыбританияда оқып жатқан қазақстандық студенттер үшін еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.
Мақсаты – білімді жастардың оқуын тамамдаған соң оралып, ел игілігі үшін еңбек етуіне мүмкіндік жасау. Іс-шара барысында отандық компаниялармен қатар шетелдік фирмалар да өз кеңселерінде тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинауға шақырды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Зере Мамаділ – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Әлемнің озық оқу орындарының бірі UCL университетінде биодизайнер мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатыр. Келешекте Қазақстанда биология ғылымын құрылыспен ұштастыру арқылы салаға серпін бергісі бар.
Зере Мамаділ, студент:
- Алла жазса, елге қайтқан кезде өз саламды қалай дамытсам болады деген ізденіс жолындамын. Биологиямен айналысатын лабораториялармен осы жақтағы үлкен компаниялардың басын қалай қосып, бірге жұмыс істесе болады деген мәселені зерттеу үшін келдім.
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары оқуды аяқтағаннан кейін елде бірнеше жыл үздіксіз еңбек етуі тиіс. Ал өз есебінен білім алған жастардың Ұлыбританияда қалуға мүмкіндігі бар. «Бірақ оларға да Қазақстанда жақсы жұмыс табылады», - дейді шетелдік компаниялардың өкілдері.
Майкл Тонг, Фармацевтикалық компанияның түлектермен жұмыс істеу бойынша директоры:
- Әлем бойынша бірнеше елде: Ұлыбритания, АҚШ, Швеция, Қытайда ірі фармацевтикалық орталықтарымыз бар. Қазақстанда да өндірістік мүмкіндіктері шағын болғанымен, өкілдігіміз жұмыс істеп тұр. Түлектер сол жерде мансап құрса болады.
Шетелде жас мамандарға сұраныс көп. Университет түлектерінің кәсіби біліктілігі жоғары болмағанымен, білімділігі мен еңбекқорлығы көш ілгері тұрады. «Бірнеше тіл білетіні тағы бар», - дейді шетелдік сарапшылар.
Афет Маммадова, Логистикалық компанияның бизнесті дамыту жөніндегі басшысы:
- Қазақстанда 15 жыл жұмыс істедім. Ел туралы жадымда өте жылы естеліктер қалды. Жас кадрлармен сұхбат жүргізгенде, әсіресе, олардың жақсы қарым-қатынас орната білетін тұлғааралық дағдыларына риза болушы едім.
Британ-қазақ қауымдастығы ұйымдастырған жұмыс жәрмеңкесіне 100-ге жуық жас буын өкілі қатысты. Оларға 16 отандық және шетелдік компания бос жұмыс орындары мен тағылымдамалар ұсынды.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Лондон #тағылымдамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz