RU
Толық нұсқаға өту

Әлемді жұмыссыздық жайлады

31.03.2025, 07:19 766

Жұмыссыздық әлемді жайлады.

Біраз ел экономикалық тұрақсыздық салдарынан еңбек нарығында дағдарысқа ұшыраған.

Статистика келтірген кейінгі дерекке сүйенсек, жұмыссыздық бойынша Оңтүстік Африка Республикасы алдыңғы орында тұр. Мұндағы халықтың 34 пайызының табысы жоқ.

Ал күншығыстағы Жапония мен Кәрі құрлықтағы кей елдерде жұмыс көп, бірақ оны істейтін адам жоқ.

Әлем бойынша 65 млн адам жұмыссыз. Олардың көбі – еңбекке қабілетті жастар. Мұның жәй-жапсарын Шартарапта айтып беремін.

АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш саны артты 

АҚШ-та жұмыссыздар көбейді. Екі қолға бір күрек таппай жүргендер енді үкіметтен көмек сұрап отыр. Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш берушілер қатары кейінгі бес айда 250 мыңға жеткен. Осылай деп жергілікті Еңбек министрлігі хабарлады. Мамандар жұмыссыздықтың күрт өсуін аймақтың батыс пен солтүстік-шығысында қыстың жылдағыдан қатал болуымен байланыстырады. Сондай-ақ ақпан айында өткен Президент күні мерекесі қарсаңында кей адамдар жұмысынан уақытша айырылған. Бірақ елдегі еңбек нарығында тұрақтылық байқалады. Дегенмен федералды шығындардың қысқаруы мен тарифтердің әсеріне байланысты жұмыс орындарының қысқару қаупі жоғары. Сарапшылар бұл алдағы уақытта жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініштің көбеюіне әкелуі мүмкін дейді. 

Германияда 3 млн адам жұмыссыз 

Өткен ай Германия халқы үшін де қолайлы болған жоқ. Жұмыссыздар қатары өңірде тағы 5 мыңға өсіп, 3 млн-ға бірақ жеткен. Бұл кейінгі он жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Еңбек нарығындағы мәселе экономиканың әлсіреп, өнеркәсіптің құлдырауымен байланысты. Өйткені жергілікті компаниялар барлық сектордағы қызметкерлерді біртіндеп қысқартып жатыр. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібінде қысқарту көп. Сондай-ақ жұмыссыздықтың өсуіне қолайсыз күн райы мен маусымдық жұмыстардың тоқтауы себеп. 

Даниэль Терценбах, Германия федералды жұмыспен қамту агенттігі басқармасының мүшесі:

"Меніңше, экономика қазір жаңа федералды үкіметке мұқтаж. Өйткені экономикалық әлсіреу әлі де байқалады. Қаңтар айымен салыстырғанда ақпанда жұмыссыздық деңгейі жоғары болды. Компаниялар жаңа қызметкер алу былай тұрсын, қарамағындағы жұмыскерлердің жалақысын төлей алмай отыр. 

Жапонияда жұмыс көп, жұмысшы жоқ

Ал күншығыстағы Жапонияда жұмыс көп, бірақ оны істейтін маман жоқ. Өйткені аймақта бала туу көрсеткіші төмен. Қарт кісі көп. Еңбекке қабілетті адам саны аз. Соның кесірінен біраз салада маман тапшылығы байқалады. Әсіресе, технологиялық секторда ахуал күрделі. Бағдарламашылардың жетіспеуі ел экономикасын цифрландыру үдерісін тежеп отыр. Мемлекет жартылай өткізгіштер өндірісі бойынша алдыңғы қатарға шығуға ниетті. Бірақ мұнда да білікті маман аз. Сектордағы кадр тапшылығы кейінгі 5 жылда 5 есе өскен. Компания басшылары мәселені жалақыны көтеру арқылы шешуге тырысып жатыр. Бірақ Күншығыс елі еңбекақы деңгейі бойынша әлемнің өзге дамыған мемлекеттерінен артта қалды. Кейінгі 30 жылда көрсеткіш аса қатты өзгермеген. 

Араб және Африка елдерінде жастар жұмыссыз жүр

Қара құрлық пен араб елдерінде жұмыссыздық белең алған. Жұмыс таппай жүргендердің дені – жастар. Көрсеткіш әсіресе, араб және Оңтсүтік Африка елдерінде жоғары. Мұнда әр үшінші жас сенделіп бос жүр. Жалпы Африкадағы жастардың жартысынан астамы ауыл шаруашылығында тер төгеді. Ал жоғары оқу орнын бітірген, табақтай дипломы бар жастар жұмыс табай алмай әлек. 

Элио Хори, жұмыссыз:

- Университетті «Машина жасау» мамандығы бойынша бітірдім. 4 жылымды жоғары білім алуға, білікті маман атануға жұмсадым. Бірақ диплом алғанымды қайтейін, мені жұмыс берушілер «тәжірибең жоқ» деп алмай жатыр. Құжатымды құшақтап, босқа жүрмін.

Чилиде қайыршы көбейді 

Жұмыссыздықтың ауыртпалығын тартып отырған тағы бір ел – Чили. Мұнда жергілікті халықтың біразы қайыр сұрап жүр. Кейінгі 4 жылда Оңтүстік Америкада үй-күйі жоқтар қатары 30%-ға артқан. Ресми мәлімет бойынша бүгінде ел аумағында 21 мыңнан астам адам далада түнеуге мәжбүр. 2020 жылы бұл көрсеткіш 15 мың болған. Гуманитарлық ұйым өкілдерінің айтуынша, барар жері жоқ жандардың күрт көбеюіне экономикалық рецессия себеп. Соның кесірінен Чилиде баспана мен жұмыссыздық дағдарысы өршіп кеткен. 

Корольдіктегілер жұмысқа құлықсыз

Ұлыбританияда еңбекке қабілетті 11 млн адам жұмыссыз. Бірақ оның 9,5 млн-ы экономикалық белсенді емес, яғни жұмыс істеуге құлықсыз. Тек 1,5 млн-ы ғана екі қолға бір күрек таппай жүр. Еңбек етуге ынтасы жоқтардың өз себебі бар. Жарты млн-ға жуық әйел бала күтімі бойынша жұмыссыз болса, 3,5 млн адам 50-ді еңсергендер. Олар денсаулық жағдайына байланысты зейнетке ерте шыққан.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz