Мьянмада құлаған үйдің астынан бір әйел аман-есен табылды.
Көрер жарығы бар екен. Бұл аумақта жердің сілкінгеніне 2 жарым күн, яғни 60 сағат өтті. Ал құтқарушылар үшін ең маңыздысы - алғашқы 24 сағат. Себебі бұдан кейін үйінді астындағы адамдардың аман қалуы екіталай. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, әйел бірер сағат бұрын Мандалай қаласында үйінділер астынан шығарылған. Дәрігерлер оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, дейді.
Қазір Мьянмада мыңдаған құтқарушы күн-түн демей қираған ғимараттарды тазалап жатыр. Зілзаладан опат болғандар саны 1700-ге жетті. Қаралы тізім әлі өсуі мүмкін. Себебі тағы 300 адам ұшты-күйлі жоқ. Сондай-ақ 3400-і жарақат алған. Жерасты дүмпулері Бангладеш, Үндістан, Қытай және Лаос сияқты бірқатар елде сезілді. Бангкок пен Мьянманың 6 аймағында төтенше жағдай жарияланған. Біріккен Ұлттар Ұйымы зардап шеккендерге көмек ретінде 5 миллион доллар бөлді.
Тегтер #Мьянма #құтқару #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz