Оңтүстік Кореяда дүниежүзілік аутизм мәселесі бойынша ақпарат тарату күні аталып өтілді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл ел әлемде дерттің осы түрінің таралуы бойынша алғашқы үштікке кіреді. Бүгін Сеулде оңтүстіккореялық үкіметтік емес ұйымдар аутизммен өмір сүретін адамдардың қатысуымен көрме және концерт ұйымдастырды.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореяда аутизммен өмір сүретін адамдардың саны қарқынды өсуде. Соңғы үш жылда олардың саны 37,5 мыңнан 50 мыңға дейін көбейді. Бұл өсімнің нақты себебін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ ықпал ететін факторлардың бірі – Оңтүстік Кореяда көп адам 30-40 жастан кейін үйленіп, кеш балалы болуды жоспарлайды. Бұл диагнозбен оңтүстіккореялық қоғамда өмір сүру оңай емес. Мысалы, зерттеулер көрсеткендей, мұндай адамдар мектептегі зорлық-зомбылыққа қарапайым оқушыларға қарағанда үш есе жиі ұшырайды. Оңтүстік Кореяда мұндай науқастарға қандай көмек көрсетілетінін мүмкіндігі шектеулі баланың анасы айтып берді.
Ким Ын Джон, «Аутизммен өмір сүретін адамдарға махаббат» қауымдастығының мүшесі:
- Дәрі-дәрмек пен емдеу шараларына келсек, мемлекет әлі қаржылай қолдау көрсетпейді. Ата-аналар барлық шығынды өздері көтеруге мәжбүр. Дегенмен, білім беру қызметтері үшін ваучерлер беріледі, сондай-ақ арнайы сыныптарға қажетті оқу материалдарымен қамтамасыз етіледі. Мектепке баратын барлық аутист балалар осындай қолдау алады.
Елде аутизммен өмір сүретін адамдарды қолдайтын арнайы қауымдастық бар. Бұл ұйым 12 жылдан бері 2 сәуірде түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Бүгін аутизммен күреске үлес қосқан қайраткерлер марапатталды, ерекше әртістердің концерті мен аутизммен өмір сүретін суретшілердің көрмесі өтті. Ерекше балалардың өнерін тыңдап көрейік.
Ким Ын Джон, «Аутизммен өмір сүретін адамдарға махаббат» қауымдастығының мүшесі:
- Ересек адамдарға, әсіресе, қарттарға келсек, олардың өз бетімен өмір сүру деңгейі өте төмен. Біздің қауымдастық ең ауыр жағдайдағы адамдарға ерекше назар аударады. Біздің мақсатымыз – тіпті ең осал адамдардың да өз құқықтарын толық пайдаланып, кемсітусіз лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету.
Осы аптада Дүниежүзілік аутизм мәселесі бойынша ақпарат тарату күніне орай Сеул мэриясы ғимараты, Намсан телемұнарасы, Инчхон халықаралық әуежайы, Корея теміржол корпорациясының ғимараты, Инчхон көпірі және басқа да маңызды нысандар көк түспен жарықтандырылады. Бұл – аутизммен күрестің символы.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Оңтүстік Корея #аутизммен күрес #іс шара #қауымдастықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz