RU
Толық нұсқаға өту

Әжетханада телефон пайдалану денсаулыққа зиян

03.04.2025, 07:20 730

Кедейлік, әлеуметтік дағдарыс смартфон пайдалануға кедергі емес.

Өйткені тұрмысы төмен елдердің өзі телефонға тәуелді.

Әлемде мобильді құрылғыға құмартқандар көбейді

Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонға құмар. Бәріне смартфон қолжетімді, қазір. Оны қолданушылар қатары кейінгі 5 жылда 5%-ға өскен. Әсіресе, жай телефон емес, смартфон сұраныстан түспей тұр. Жер шарындағы барлық ұялы телефонның 90%-ы дәл осы гаджеттің үлесінде. Мысалға, дамыған елдерде халықтың 75 пайызы смартфон ұстайды. Бұл тізімді Қытай бастап тұр. Кейінгі орынға Үндістан, АҚШ Индонезия жайғасқан. Әлемдік нарықта былтыр мобильді құрылғылардың үлесі шамамен 8 %-ға өсті. 

5 жыл телефон қолданушылар 5 % 

ұялы телефонның 90% смартфон

2024 жылы смартфон нарығы 8 %

дереккөз: explodingtopics.com 

Италиялықтар телефонды күніне 1200 рет қарайды

Италиялықтар орта есеппен сағатына 80 рет телефонын тексереді. Бұл күн сайын шамамен 1200 рет экранға көз жүгіртеді деген сөз. Кейінгі зерттеу осыны айғақтап отыр. Тіпті, бұл халық жатар алында, таңда көзін аша сала алдымен, смартфонын ақтара жөнеледі. Соның кесірінен отбасында ұрыс-керіс, түсініспеушіліктер көбейген. Тіпті, телефонға тәуелділік қаншама шаңырақты шайқалтып үлгерген.Сол себепті бұл ел зерттеу нәтижесінде «Еуропадағы ең дөрекі ел» деген атқа қалған. 

Цитата Nicolettaboldrini.com парақшасында жарияланған зерттеу қорытындысы

"Деректер Италияда тұрғындардың ұялы елефонға тәуелділігі салдарынан қоғамдық орындарда, кез келген жерде дау-дамай мен түсініспеушілік туғызатынын көрсетті. Құрылғыға құмар адамдардың ұрыс-керіске бейім болуы Италияның Еуропадағы ең дөрекі ел екенін байқатты. 

Африкалықтар былтыр 75 млн телефон сатып алды

Құрлықтың арғы жағындағы Африкаңызда да жұрт қолындағы соңғы тиынын тамаққа емес, телефон сатып алуға жұмсайды. Былтыр аймақтағы мобильді құрылғы нарығы 9 пайызға өскен. Яғни олар шамамен 75 млн-ға жуық телефон сатып алыпты. Сарапшылар сұраныстың өсуін аймақта өткен жылы инфляцияның төмендеуімен байланыстырады. 

Телефонға тәуелді жеткіншектер стреске бейім келеді

Телефонға телміріп, құрылғыға байланғандардың дені – жастар мен жасөспірімдер. Алтын уақытын алақандай құрылғыға жұмсаған жеткіншектер ересектерге қарағанда депрессия мен стресске бейім келеді. Ғалымдар күнделікті 5 сағат уақытын экран алдында өткізетін өрімдей жастың 2 сағат спортпен шұғылданған замандасына қарағанда психикалық денсаулығына зақым келетінін дәлелдеп отыр. Әр ата-ана баласының психикалық әл-ауқатын қорғау үшін физикалық белсенділікті ынталандырып, мобильді құрылғыны пайдалануға шектеу қоюы керек, - дейді мамандар. Әйтпесе, стресстің соңы суицидке дейін әкелуі әбден мүмкін.

Смартфонға тәуелділік баланың оқу үлгірімін төмендетеді

Смартфонды жиі пайдалану баланың оқу үлгірімін де төмендетеді. Миландағы Бикокк университетінің ғалымдары 6 мыңнан астам студентке зерттеу жүргізген. Нәтижесінде мобильді құрылғының оқушының оқу үлгеріміне теріс әсер ететінін анықтады. Зерттеу көрсеткендей, ата-аналардың тек 45%-ы ғана баласын бақылауда ұстайды. Сондай-ақ білім деңгейі жоғары ата-ана ғана  саналы түрде баласын қадағалап отырады дейді.

ЦИТАТА  

Бикокк университеті ғалымдарының зерттеуі

Баланың телефонға телмірген күйі әлеуметтік желіде қанша уақыт өткізгені емес, қанша жасынан бастағаны маңызды. Өйткені әлеуметтік желіні ерте қолдану баланың мұғалімді зейін салып тыңдап, дұрыс білім алуына, ортамен қарым-қатынас орнатуына кедергі жасайды.

Әжетханада телефон пайдалану денсаулыққа зиян

Бала түгілі, ересектің өзі телефонмен тыныстап, смартфонмен сырласатын халге жетті. Қайда барса да, гаджеттен бір елі ажырамай, қолынан тастамайды. Тіпті, әжетханаға да алып кіреді. Ал оның денсаулыққа айтарлықтай зияны барын біле ме жұрт? Түрік ғалымдарының кейінгі зерттеуі телефонға шұқшиып бір жерде көп отыра беру геморрой тудыратынын анықтады. Одан бөлек омыртқаны қисайтып, арқа мен мойынға салмақ түсіреді. Сорақысы, уақытын әжетханада телефон қарап өткізу жақындарымен қарым-қатынасын тежейді. Мұндай мінез-құлық аран алшақтатып, жанжалды күшейтуі мүмкін. 

Сауда жасау кезінде смартфонға жиі қарау шығынға батырады 

Сауда жасау кезінде телефонды жиі қарамаған жөн. Әйтпесе көк тиынсыз қалуыңыз мүмкін. Британдық ғалымдар жүргізген кейінгі зерттеуге сүйенсек, шопинг кезінде смартфонмен алданған адам басқаға қарағанда 41%-ға көбірек ақша жаратады. Олардың айтуынша, жұрт смартфонға алаңдап жүріп қажетсіз заттар сатып алуы мүмкін.

Смартфонның пайдасы да бар, зияны да жоқ емес. Бірақ зиянды тұсына мән беріп, қажет жерінде қолданған абзал болмақ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz