RU
Толық нұсқаға өту

Дональд Трамптың тариф саясаты жаһандық қор нарығын құбылтты

04.04.2025, 07:43 523

АҚШ президенті әлемнің 185 мемлекетіне баж салығын көтергені белгілі, деп хабарлайды 24kz.

Бірақ бұдан кейін Американың шекесі шылқып, шыға келгені шамалы. Жаңа айттық, доллар арзандады. Мұнай бағасының төмендеуі де жақсылық емес.

Трамп билікке келгенге дейін алтын 2700 доллардың төңірегінде болса, қазір 3146 долларға көтерілді. Мұның арты не болмақ? Жалпы Ақ үй басшысының не ойлағаны бар?

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Дональд Трамп сырттан келетін тауарға жаппай салық енгізді. Ең азы 10% болса, ең жоғарғысы 46%-ке жетеді. Бұл күнді Ақ үй басшысы «Еркіндік алу күні» деп жариялады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Құрметті америкалықтар, 2025 жылдың 2 сәуірі Америка өнеркәсібінің мәңгілікке қайта өрлеу күні, Америка ұлылығын қайтарған күн ретінде тарих беттерінде есте қалатын болады.

Дональд Трамп баж салығын енгізу импортты шектеп, жергілікті өндірушілердің тынысын кеңейтіп, бюджетке түсімді ұлғайтып, ел ішіндегі салықтарды азайтуға сеп болады деп санайды. Ақ үй сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, жоғары баж салығы Құрама Штаттарына өз өнімін көп экспорттайтын елдерге бағытталған.

Еуроодақ басшылары Америка президентінің шешімін қатаң сынады. Қарымта жауап беретінін мәлімдеді. Осы ретте экономикалық әлеуетін қорғауға 26 млрд еуро бөлмек.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

- АҚШ қабылдаған шешімнің әлемдік экономикаға салдары ауыр болуы мүмкін. Сауда соғысында ешкім жеңбейді. Бұл ұлттық мүддемізге сай келмейді. Осыған дейін АҚШ-пен сауданы әділ жүргізіп келдік. Алдағы уақытта да Ұлыбритания үшін тиімді келісім жасауға күш саламыз.

Жапония АҚШ-тан салық көлемін азайтуды талап етті. Ал, Оңтүстік Корея әзірге үн қатқан жоқ. Ел үкіметі тек кеңесумен шектелді.

Есесіне Қытай Американың тариф саясатын  қатаң сынады. Осыған дейін шығыстағы көршіміз Құрама Штаттарының ауыл шаруашылығы өнімдері мен мұнайына 15% салық енгізген еді. Ал, АҚШ Қытай тарифін 34% етті.

Го Цзякунь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- АҚШ-тың баж салығы барлық елдің құқықтары мен мүдделеріне қайшы келеді. Сес көрсетудің бір әдісі болып табылады. Бұл қадам Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелерін өрескел бұзады. Біз өзіміздің есеміздің жіберіп қарап отырмаймыз. Ел мүддесін ескере отырып, шешім қабылдаймыз.

Қызығы, Американың салық салу тізімінде Ресей, Беларусь, Куба, Иран және Солтүстік Корея жоқ. Барлығы санкциялар құрсауында қалған елдер. Сондықтан АҚШ-қа ешқайсысы тауар экспорттамайды. Дональд Трамптың шешіміне қатысты америкалықтардың пікірі екіұдай. Бірі Ақ үй басшысының қатаң сыртқы сауда саясатын қолдаса, енді бірі керсінше үзілді-кесілді қарсы.

Блиц 1:

- Әлемнің бірқатар елі өз нарығын қорғау үшін, АҚШ-қа тарифтер енгізген. Бізде де солай жасағанымыз дұрыс деп есептеймін.

Блиц 2:

- Мен Трампқа дауыс бердім. Ол айтқанының бәрі орындап жатыр.

Блиц 2:

- Өзімізді оқшаулап, кері кететін сияқтымыз. Осыған дейін Канада, Мексикамен бірлесіп, дамыған экономика құрдық. Ал енді біз оларды осы баж салығымен қинамақпыз.

Блиц 3:

- Егер осылай жалғастыра берсек, бізден ешкім сауда жасамайды. Алдағы уақытта өндірісті жақсартамыз дейді. Бірақ бұл жүз доллар жұмсап, бір доллар табу сияқты. Меніңше, бұл дұрыс мес.

XXI ғасырда 2 ірі рецессия болды. Алғашқысы энергетикалық шикізат бағасының құлдырауынан 2008 жылы болса, екіншісін экономисттер коронавирус пандемиясымен байланыстырады. «Дональд Трамптың тариф енгізу туралы шешімі әлемдік экономиканы үшінші рецессияға ұрындыруы мүмкін», - дейді отандық сарапшылар.

Бауыржан Ысқақ, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Осы бір агрессивті саясаттың нәтижесінде сол елдердің экономикасына кері әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде инфляция, инвесторлардың сенімсіздігі сияқты тәуекелдердің туындауына әкеледі. Аяғында мемлекеттер өздерінің активтерін қауіпсіз активтерге, яғни, алтынға, Швейцария франкісіне, жапон иеніне ақша салады. Бұл қор нарығының құлдырауына әкеледі. Осындай факторлардың бәрі жүзеге асса, онда үшінші рецессия туралы айтуға болады.

Bloomberg басылымының мәліметінше, қазір әлемдік сауда 33 трлн долларға тең. «Дональд Трамптың 185 елге баж салығын енгізу туралы шешімі жаһандық тауар айналымын тұралатып тастауы мүмкін», - дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz