Оңтүстік Кореяда Азия елдеріндегі қазақтардың екінші құрылтайы өтіп жатыр.
Бұл жолы Йонин қаласына Малайзия, Жапония және Моңғолиядағы қазақ диаспораларының өкілдері бас қосты. Келелі жиында көтерілген мәселелерді тілшіміз Владислав Цой тыңдап қайтты.
Құрылтай аясында мәдени және экономикалық ынтымақтастық жөнінде пікір алмасулар өтті. «Отандастар» қоры қазақ тіліндегі кітаптарды ала келді. Суретші әрі зергер Ақмарал Бақытова өз жұмыстарын көрсетті. Қазақстанның халық әртісі Светлана Айтбаева қатысушыларды қазақ зергерлік өнерімен таныстырды. Ал этнограф Айгерім Мұсағажинова қазақтың ұлттық тағамдарының пайдалы қасиеттері туралы айтып берді. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлы көрермендермен бірге танымал қазақ әндерін шырқады.
Құрылтайдың Хангук шетел тілдері университетінде өтуі кездейсоқ емес. Бұл жоғары оқу орнында Абай институтын ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Данияр Қадыров, "Отандастар қоры" КЕАҚ президенті:
- Мемлекет басшысы тапсырма берген Абай институттарын шетелде ашу деп. Осы университетте қазақ тілін үйретеді. Осы қазақ тілін үйрететін ең үлкен университеттердің бірі дүние жүзінде. Соған байланысты осы университет пен қарым-қатынас жасап жатырмыз. Негізі ол жұмысты қолға алып іске асырамыз.
Фестиваль аясында Оңтүстік Кореяда алғаш рет қазақ тілінде шешендік өнер сайысы өтті. Оны Қазақстанның Сеулдегі Елшілігі ұйымдастырды. Финалға Хангук университетінің жеті студенті шықты. Олардың қабілетін Қазақстанның халық әртісі Қанат Айтбаев бастаған қазылар алқасы бағалады. Бірінші орынді екінші курс студенті Ли Со Ён алды.
Ли Со Ён, Хангук шет тілдер университетінің 2-курс студенті:
- Мәдениет салада жақынырақ болу үшін жие кездесіп сөйлесу керек деп ойлаймын. Мен қазақ тілің жақсы үйреніп екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынас жасауына үлес қосқым келеді.
Қанат Айтбаев, ҚР Халық артисі:
- Хангук университетінің қабырғасында Орталық Азия елдерінің тану факультеті бар екен. Сол жерде қазақ өзбек тілін үйренетін жастардың біздің мәдениетімізді, біздің тілімізді еркін меңгеріп үйреніп жатқандығын көріп көңілімізге қатты қуаныш сыйлап тұр. Келбеттеріне қарасақ корей жастар екенін, қазақ жастар екенін тіліне қарап ғана айырып тұрмыз.
Қазақ тілі байқауының жеңімпазы Сеул-Алматы-Сеул бағытындағы тегін әуе билетін иеленді. Бұл сыйлық Ли Со Ёнға Қазақстанға барып, тілін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #корея #Азия #құрылтай #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz