RU
Толық нұсқаға өту

Газада 300-ге жуық медицина қызметкері қаза тапты

07.04.2025, 12:47 589

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Адам дерт меңдегенде өмірдің қадірін түсінеді. Сол кезде дәрігерден көмек күтеді.

Әуелгі байлық денсаулық! Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні. Дәл осы күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылған. 

Алдыңғы шепте жүретін ақхалаттыларға адамзат әлі де зәру. Жаһанның біраз аймағында дәрігер жетіспейді. Ақхалаттылардың саясатқа, соғысқа еш қатысы жоқ болса да, оларға шабуыл жасау деректері жиілеген. Соның кесірінен медицина қызметкерлері арасында өлім деңгейі артты.

Газа секторында маман тапшылығы қатты байқалады. 18 айдан бері жалғасып жатқан қақтығыс салдарынан жүздеген дәрігер бас амандығын ойлап қонысын тастап кеткен. Кейбірі көмекке мұқтаж тұрғындарға қызмет көрсету үшін аймақта әлі күнге жұмысын жалғастырып жүр. Жалғастырып жүр деген аты ғана. Бір емес, бірнеше адамның міндетін атқарып, өлместің күнін кешіп жүр. Сорақысы, онсызда өңірге жетпей жатқан жүздеген маманды Израиль әскері ота үстінде кісендеп, тұтқынға алып кеткен. Оларға көрсетпеген қорлығы жоқ. Айлар бойы азаптап, ұрып-соғып, зорлап, ас-сусыз қалдырған. Айтуға ауыз бармайтын әбес әрекет жасаған израильдіктердің қорлығына көбі шыдас бермей көз жұмған. «Рейтер» агенттігі келтірген дерекке сүйенсек, қақтығыс басталғалы 300-ге жуық медицина қызметкері қаза тапты. Олардың көбі – дәрігер мен медбике.

 

Сирияда 13 жылда мыңға жуық дәрігер қаза тапты

Сирияда да медицина қызметкерлерінің құқы жиі тапталады. 13 жылға жуық жалғасқан аймақтағы қақтығыс салдарынан дәрігерлер жиі зорлық-зомбылыққа, қудалауға, азаптауға ұшырады. Шабуыл кезінде 1 мыңға жуық медицина маманы қаза тапқан. Көбі соғыс кезінде бас амандығын ойлап өзге өңірлерге көшіп кеткен. Сириялық дәрігерлердің біразы қазір Германияда еңбек етіп жүр. Башар Асад билігі құласа да, олардың аймаққа қайтқысы жоқ. Medglobal келтірген дерекке сүйенсек, Сирияда дәрігерлердің жалақысы бар-жоғы 25 доллар. Бұл – біздіңше 12 мың теңге.

 

Австралияда дәрігерлер жаппай жұмыстан шығып жатыр

Австралияның Оңтүстік Уэльс штатында құқы тапталған мыңдаған дәрігер шеруге шықты. Әлеуметтік қызметкерлер аймақ тарихында алғаш рет үкіметке наразылық танытып отыр. Олардың бұлай әрекет етуіне жалақының аздығы мен құқының қорғалмауы себеп. Соның кесірінен өңірде науқастар алдын ала жоспарланған отасын жасата алмай отыр. Тіпті Сиднейдегі психиатриялық клиникалардың бірінде дәрігерлер жаппай жұмыстан шығып кеткен. Салдарынан клиника жұмысын тоқтатты.

 

Болашақта дәрігерді ЖИ ауыстырады 

Алдағы онжылдықта медицина мамандары қажет болмай қалуы мүмкін. Өйткені олардың орнын жасанды интеллект басады. Microsoft компаниясының құрылтайшысы Билл Гейтс NBC арнасына берген сұхбатында осылай деді. Оның айтуынша, науқасқа диагностика, ота жасау сияқты дәрігер атқаратын қызметті жасанды интеллектіге негізделген технология жүзеге асырады.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz