RU
Толық нұсқаға өту

Трамптың тарифтері әлемдік деңгейдегі әбігер ме?

07.04.2025, 19:46 550

Дональд Трамптың тариф саясаты Азия қор нарығын да шайқалтты.

Шанхайдан бастап, Сиднейге дейін, құнды қағаздар бағасы құлдырады. Ізінше Еуропада да қор нарығы төмендеді. Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына АҚШ-қа қатысты шағым түсірді. Ал ЕуроОдақ қарымта жауап беретінін мәлімдеді. Алайда, сарапшылар Құрама Штаттарымен текетіреспей, келіссөз жүргізуге талпыну керек, дейді. Дональд Трамптың көксегені не? Қор нарығындағы ахуалға қатысты АҚШ басшысы не дейді?

Әлемде дүкен сөрелеріндегі тауардың көбі Азия елдерінде өндіріледі. Ал  АҚШ олар үшін  негізгі нарық саналады. Сондықтан Дональд Трамптың жаңа тариф саясаты Азия қор нарығында дүрбелең туғызды.  Мәселен, Жапонияның жетекші компанияларын қамтитын "НиккЕй 225" индексі алғашқы сағаттарда-ақ 9 пайызға арзандады. Бұл кейінгі бір жарым жылда болмаған жағдай. Оңтүстік Кореяның "Коспиінде" тіпті сауда-саттық уақытша тоқтатылды. Ал Гонконг биржасының негізгі индексі - "Эйч-Эс-Ай" 9 пайызға төмендеді. Мұндай құлдырау соңғы рет 1997 жылы тіркелген. Қытайдың халықаралық сауда хабы саналатын Гонконг АҚШ басшысының саясатына байланысты  кіші және орта бизнес өкілдерін қолдауды күшейтпек.

Пол Чан, Гонконг қаржы істері жөніндегі хатшысы:

«Геосаяси ахуал  шиеленісіп барады. Сондықтан, әлемдік сауда жүргізуде жаңа қиындықтар туып отыр. Мұның Гонконгқа  кері әсер болатыны сөзсіз. Арнайы әкімшілік аймақтың үкіметі ахуалға байланысты отандық кіші және орта кәсіпкерлердге мейлінше қолдау көрсетеді. Осы бағыттағы тиісті шараларды бастап кеттік.

Дональд Трамптың тариф саясаты Оңтүстік Кореяның нарығына да кері әсер етті. Оның ішінде тұз өндірушілердің жағдайын қиындатты. Осы ретте ресми Сеул АҚШ-пен келіссөз бастамақ. Өйткені тариф күші жойылмаса, өндірісті шектеп, адамдарды жұмыстан қысқартуға тура келеді. Жалпы Дональд Трамптың баж салығынан кейін әлемнің 50-ден аса елі сауда келіссөзін жүргізуге ниет білдірген. 

Роберт Брукс, Монаш университетінің профессоры:

"Нарықтағы жағдай осындай болады деп күтілген. Өйткені Трамптың баж салықтарына байланысты жаһандық макроэкономикалық жағдай нашарлап, инфляция қайта күшеюі мүмкін. Екіншіден, қазір ахуалды болжау қиын. Яғни сауда соғысы қалай өрбитіні белгісіз." 

Тарифтерге қатысты текетіресті бастаған Дональд Трамп болса, әлемдік қор нарығын әдейі құлдыратқан жоқпын, дейді. Бірақ Ақ үй басшысы шешіміне шүбә келтірмейді. Оның айтуынша, АҚШ қазір әлдеқайда мықты. Сауда саясаты біртіндеп оң нәтиже береді дейді. 

Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz