Әлем азық-түлік тұтынуда екі түрлі көзқарасқа ие. Кей елдер генетикалық түрлендірілген өнім тұтынады. Ол, біріншіден, өндіріске, қалтаға салмақ салмайды. Сол себепті біраз ел оны ғылым мен технологияның жетістігі деп біледі. Ал кей мемлекет генетикалық емес, органикалық өнім тұтынуды құп көреді. Өйткені жасанды өсімдік адам денсаулығына пайдасынан гөрі қаупі көп деп алаңдайды. Сонымен әлем елдері технологияны қолдану бойынша қандай саясат ұстанады?
Әлемде 17 млн шаруа жасанды дақыл өсіреді
Әлемде 17 миллион шаруа ГМО дақылын өсіреді. Генетикалық түрлендірілген өнім өсіруге әсіресе дамушы елдер бейім келеді. Бірақ дамыған мемлекеттердің өзі ГМО дақылын өндіріп отыр. Кейінгі дерекке сүйенсек, шамамен 70-тен астам мемлекет генетикалық түрлендірілген өнім импорттайды. Химиялық қоспасы бар дақылдарды өсіру көлемі бойынша АҚШ көш бастап тұр. Мұнан соң Бразилия, Аргентина, Канада және Үндістанда өндіріс көлемі жоғары.
Африкалықтар аштықтың алдын алу үшін жасанды дақыл өсіреді
ГМО-ның Отаны – Африка. Қара құрлықта шаруалар 30 жылдан бері генетикалық модификацияланған өнім өсіріп, халықты тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Яғни аймақ шаруалары еріксіз өнімділікті арттыруға мәжбүр. Өйткені құрлықта халық тығыз орналасқан. Тұрғын саны артқан сайын азық-түлікке сұраныс та жоғары. Мұнан бөлек, континет климаттық өзгеріске бейім. Қуаң тартқан жерде өнім өсіру тіпті қиын. Сол себепті жергілікті шаруалар ГМО дақылын өсіру арқылы өнімділікті арттырды. Олар әсіресе күріш, жүгері, бұршақ, соя өнімдерін шығынсыз өсіріп отыр.
Джеймс Канджала, шаруа:
- Осы технологияның көмегімен алқаптағы жәндік атаулының көзі жойылады. Егер барлық шаруалар осы пестицидті қабылдаса, біз егістіктегі қалған егінді аман алып қала аламыз.
Біраз ел жасанды дақылдан бас тартты
Иә, кедей елдерде аштықтың алдын алу үшін ГМО дақылдары өсіріледі. Бірақ кейінгі жылдары жер шары халқы тағам өнімдерінің сапасы мен құрамына мән бере бастады. Әлемнің біраз елі түрлендірілген өнімнен бас тартып, органикалық, яғни экологиялық таза өнім тұтынуға бет бұра бастады. Мысалға, Дания – органикалық өнім өндіруде әлем бойынша көшбасшылардың бірі. Жергілікті дүкендердегі азық-түліктің шамамен 12-15%-і экологиялық таза.
Австрия тұрғындары да таза өнім тұтынады. Мұндағы ауыл шаруашылығы алқабының 25%-і органикалық әдіспен өңделеді. Ел үкіметі химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдануға түбегейлі шектеу қойған.
Швейцария жасанды өнім өсіруі мүмкін
Швейцарияда 2005 жылдан бері бау-бақша, орман, ауылшаруашылығы саласында генетикалық түрлендірілген өнім өсіруге шектеу қойылған. Содан бері бұл бастама 3 рет Парламент тарапынан 3 мәрте қабылданды. Биыл жыл соңында мораторий аяқталады. Билік бірақ келер жылдан бастап ГМО өнімдерін қайта өсіруді қарастырып жатыр. Өйткені адам саны ұлғайған сайын аядай жерде органикалық өнім өсіріп шығару оңай болмай тұр.
Францияда мемлекеттік мекемелер органикалық өнім пайдаланады
Экосана деңгейі жоғары тағы бір ел – Франция. Аймақта ГМО өнімдерін өсіруге және сатуға тыйым салынған. Сол себепті фермерлер мен өндірушілер экологиялық таза өнім өндіруге бейімделген. Тұрғындар да табиғи және органикалық тағамды таңдайды. Білім беру ұйымы, аурухана сияқты барлық мемлекеттік мекемелерде органикалық өнімдер ғана пайдаланылады.
Мексика генетикалық түрлендірілген жүгері өсірмейді
Жүгерінің отаны саналатын Мексика билігі елде көкөністің генетикалық түрлендірілген түрін өсіруге шектеу қойды. Бастама қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін деген қауіппен қолға алынды. Бірақ өнімді АҚШ-тан импорттайды. Жыл сайын Америка Мексикаға шамамен 5 млрд долларға тең зиянкестерге қарсы тұруға және гербицидтерге төзімділікке арналған генетикалық түрлендірілген жүгері сатады. Оның көп бөлігі мал азығы ретінде пайдаланылады.
Тегтер #азық түлік #шартарап #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz