Алып державалардың айқасы әлем нарығының астан-кестенін шығарды. Үсті-үстіне салынған салықтан сауда-саттық тізбегі бұзылып, компаниялар қыруар шығынға ұшырады. Әлемдік экономикаға бұл өзгерістер қалай әсер етіп отыр? Экономикасы мықты деген Қытайдың өзінде жағдай күрделі көрінеді. Елдің қаржы нарығы құбылып тұр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- АҚШ-пен текетірес бұл елге де оңай тиіп жатқан жоқ. Қытайдың қор биржасы рекордтық деңгейге дейін құлдырады. Тіпті кейбір көрсеткіштер тарихи минимумға дейін түсті. Қытайдың ұлттық валютасы юань долларға шаққанда 58 пунктіге әлсіреп, 7,2 юаньға дейін төмендеді.
Қор нарығындағы соңғы мәліметткерге сәйкес Shanghai Composite индексі бір күнде 7,34%-ке түсіп кетті. Ал Шэньчжэн индексі 9,66%-ке дейін төмендеді. Нарықтағы А санатындағы акциялардың құны арзандап барады. Жалпы көлемі 7,53 триллион юань шығын келген. Бұл 2008 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысынан кейінгі тіркеліп отырған дүрбелең. Бұған Трамптың саясатынан бөлек, Қытайдың ішкі факторлары да әсер етіп отыр. Нақты айтқанда, ел экономикасы өсімінің баяулауы, юань бағасының құлдырауы нарыққа деген сенімді жоғалтты. Қазір Қытайдың мемлекеттік инвестициялық компаниясы елдің негізгі кәсіпорындары мен ғылыми-техникалық инновациялық компаниялардың акцияларын сатып алып жатыр. Осы арқылы құнды қағаздары қор биржасында саудаланатын жоғары сапалы листингілік компанияларға қолдау көрсетпекші. Сондай-ақ капитал нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейді.
Ван Цинь, Golden Credit Rating рейтингтік агенттігінің сарапшысы:
- Бұл шатқаяқтап тұрған жаһандық экономикалық және сауда нарығындағы жағдайды біршама тұрақтандырады. Мемлекеттік инвесторлар дер кезінде әрекет еткен жағдайда сыртқы соққылар жеңілдеп, сенім артады. Сондықтан бұл қадам – нақты саяси қолдау. Ол дұрыс бағдар көрсетіп, нарықты тұрақтандыруға көмегін тигізеді деп ойлаймын.
Бұл шешім нарыққа серпін беріп, акциялардың құлдырауын біршама тежеп тұр. Азия-тынық мұхит аймағында ішінара жағдай тұрақтала бастағанмен әлі де күрделі. Компаниялар әліптің артын бағып отыр.
Тегтер #қытай қор нарығы #баж салығы #АҚШ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz