Ақ үй басшысының «баж салығы» шешімінен кейін Ыстамбұл қор биржасында да жағдай мың құбылып тұр. Туыстас елдегі қор нарығында қандай өзгеріс бар? Билік пен сарапшылар не дейді?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Әлемдік нарықтарда Ақ үйдің кеден салығы шешімі қабылданған соң дағдарысты жағдай қалыптасты. АҚШ Президенті Дональд Трамптың бұл саясаттан бас тартпайтынын мәлімдеуі және басқа елдер тарапынан қарымта шаралар нарықтарда тұрақсыздыққа әкелді. Ыстамбұл қор биржасы 3%-ке құлдырады. Алайда кейінірек нарық қайта оңала бастады. Алтын бағасы сатылымға байланысты үш аптадағы ең төменгі деңгейіне жетті. Бүгін бір унция үшін 2972,4 долларға дейін төмендеді. Бір грамм алтынның бағасы 0,61%-ке төмендеп, 3 688 142 лира болды. Түркияның Қазына және қаржы министрі Мехмет Шимшек: «Нарықтардағы соңғы оқиғалардың әсері ұзаққа созылмайтын уақытша құбылыс», – деді.
Мехмет Шимшек, Түркияның қазына және қаржы министрі:
- Түркияның экспортқа тәуелділігі, басқа елдермен салыстырғанда аз. Сондықтан қазіргі жағдайдың бізге әсері өзге мемлекеттерге қарағанда шектеулі. Себебі бізде шешуші рөлді ішкі нарық атқарады. Түркияның АҚШ және Еуропалық Одақтан басқа 54 елмен еркін сауда келісімшарты бар. Экспорттың 68%-і осы елдерге бағытталады. Экспортымыздың 80%-тен астамы жақын және достас елдерге жеткізіледі.
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың жаңа тарифтері Түркияны еуропалық нарықтағы бәсекелестік тұрғысынан «қиын жағдайға» қалдырғанымен, басқа елдермен салыстырғанда артықшылықтары бар. Өйткені Түркиядан көрі бәсекелес елдерге салынған баж салығы жоғары. Ал бизнес әлемі: «Әрбір дағдарыс үлкен мүмкіндікті тудырады» деген пікірде.
Айта кетейік, жергілікті басылымдар, президент Режеп Тайып Ердоған мамыр айында Америка Құрама Штаттарымен жаңа тарифтерді талқылауды жоспарлап отырғандығы жариялады.
Тегтер #АҚШ #баж салығы #Түркия #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz