Қытайдың қор нарығындағы ахуал құбылып тұр. Жағдайды тұрақтандыруға мемлекет араласа бастады. Елде сақтандыру қорлары есебінен акционерлік капиталға инвестициялық лимиттің артатындығы жарияланды. Мұндай шешім бірнеше күн бойы жалғасқан шығындардан кейін қабылданып отыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Жаһандық нарықта акциялар жапа-тармағай сатылымға шығарылып жатқан шақта Қытайдың мемлекеттік компаниялары, керісінше, ішкі нарықтағы акцияларды сатып алатынын жариялап жатыр. Осы арқылы АҚШ-тың қыспағына қарсы тұру үшін бірігіп, күш біріктіріп жатқанын байқауға болады. Әрине, негізгі мотив, негізгі түрткі болып отырған нәрсе бұл қаражат екені белгілі.
Сондықтан Қытайдың орталық банкі мен қаржыны бақылау органы шұғыл түрде қор нарығын қолдау амалдарын жасауға кірісті. Дүйсенбідегі шығындардан кейін биржалық қорларды сатып ала бастады. Осындай жолмен елдің қаржы нарығының келешегі зор екенін көрсетуге тырысып жатыр. Бұл шешімнен кейін акциялардың құлдырауы біршама тежелген. Тіпті қайта қалыпқа келе бастады. Қор нарығындағы соңғы мәліметтерге сәйкес Shanghai Composite индексі 1,58%-ке өсті. Ал Шэньчжэн компонент индексі 0,64%-ке дейін көтерілген. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығы, тұтыну тауарларымен байланысты акциялар қайта қалыпқа келе бастады. Көштің ең басында бөлшек сауда, азық-түлік, ішімдік сусындары тұр. Қытайдың жетекші қаржылық-ақпараттық платформасы Wind information мәліметіне сай 100-ден астам компания акцияларды сатып алу туралы жоспарын жариялаған. Олардың ішінде мұнай, технология сияқты маңызды секторға жауапты компаниялар бар. Алдын ала болжам бойынша бұл инвесторлар 1,4 миллиард долларға акция сатып алуды көздеп отыр.
Цюй Цян, «Бір белдеу, бір жол» зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:
- Алып компаниялардың мұндай қадамға баруы жағдайдың жуық арада тұрақталатынын көрсетеді. Бұл ел үкіметінің жауапкершілікті өзіне алғанын меңзейді. Сенім мен тұрақтылықты арттырады. Оған Шанхай мен Шэньчэнь индекстерінің дереу қалыпқа келе бастауы дәлел. Бұл нарықтағы ойыншыларға үлкен белгі. Яғни Қытайдың қаржы нарығы ұзақ мерзімді пайда әкелетінін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, Қытайдың өндірістік мүмкіндіктері жаһандық экономикалық дүрбелеңге қарсы күресіп, өз мүддесін сақтап қалуға жеткілікті.
Әзірше нарықтағы жағдай толық тұрақталды деуге келмейді. Қытай мен АҚШ жуық арада келіссөзге баратын түрі жоқ. Қайта, керісінше, екі ел арасындағы текетірес өршіп барады. АҚШ салықты үсті-үстіне салған сайын Қытай да қарымта тарфитерді енгізіп жатыр. Сондықтан алдағыны болжау қиын.
Тегтер #қытай қор нарығы #ақш тарифтер #акциялар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz