RU
Толық нұсқаға өту

Фриланс дәуірі: әлемде онлайн жұмысқа сұраныс артып келеді

10.04.2025, 09:07 595

Заман ағымы жұмысты жеңілдетіп келеді. Қазір көп қызметкерлер ісін кеңсеге бармай-ақ үйінде отырып немесе жолшыбай атқара береді, деп хабарлайды 24kz.

Былайша айтқанда, жұмысқа барса барады, бармаса да болады. Өзі би, өзі қожа. Мұндайларды фрилансерлер дейді.

Қазір әлемде осындай жұмыскерлердің үлесі – 260 млн. Бұл жер шарындағы барлық жұмыс күшінің шамамен 8%-і.

Фрилансерлік жұмыс берушіге де, жұмысшыға да тиімді. Қызметкер уақытын үнемдесе, басшы шығынын үнемдейді. Міне, фриланстың басты артықшылығы осы. Мұндай жұмыс кестесі әлем елдерінде қаншалықты сұранысқа ие?

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Кейінгі зерттеуге сүйенсек, кәдімгі кестемен жұмыс істейтіндерге қарағанда фрилансерлердің тірлігі 57%-ке өнімдірек. Біраз ел онлайн кестеге пандемиядан кейін көбірек мән бере бастады.

 

Америкалықтар 5 жыл қатарынан қашықтан жұмыс істеп жүр

Америкалықтар бесінші жыл қатарынан қашықтан жұмыс істеп жүр. Жергілікті еңбек статистикасы бюросы келтірген дерекке сүйенсек, бұрыннан фриланспен айналысатын азаматтар орташа есеппен аптасына 2-3 күн жұмысын онлайн атқарады. Ал барлық қызметкер 1,5 күн, яғни, уақытының 28%-ін үйде отырып жұмыс істеуге жұмсайды екен. Зерттеу көрсеткендей, қызметкерлер пандемия кезеңінен кейін қашықтан жұмыс істеуге үйреніп қалған. Сол себепті кеңсеге барғаннан гөрі тапсырманы үйінде отырып-ақ атқарғанды құп көреді. Әсіресе, Массачусетс, Вашингтон, Орегон, Колорадо және Калифорния штатының тұрғындары онлайн жұмыс істейді.

Бір қызығы, америкалықтар үшін фриланс ұғымы пандемияға дейін аса танымал бола қойған жоқ. 2019 жылы қызметкерлер уақытының 7%-ін ғана қашықтан жұмыс істеуге жұмсаса, пандемия белең алған жылы көрсеткіш 61,5%-ке бір-ақ жеткен.

 

Әйелдерге қарағанда ерлер қашықтан жұмыс істейді

Кәрі құрлықтағы Нидерланд пен Ирландияда тұрғындардың көбі – фрилансер. Халықтың шамамен 70%-і кестені өзі бекітеді. Қашықтан істей ме, әлде кеңседен бе, таңдау өз еркі. Көбіне аймақтағы ер адамдар онлайн жұмысқа бейім келеді екен.

 

Орта жастағылар онлайн жұмысқа бейім

Ұлыбританияда да аралас жұмыс кестесі құпталған. Кейінгі дерекке сүйенсек, Корольдіктегі ересектердің 41%-і онлайн жұмыс істейді. 30 бен 49 жас аралығындағылар қызметін қашықтан атқарады.

 

Кипр тұрғындары үйден жұмыс істеп көрмеген

Ал Кипр тұрғындары үшін фриланс таңсық дүние. Өйткені аймақ халқы мүлдем қашықтан жұмыс істеп көрмеген. Қызметі бар ері де, әйелі де күн сайын тірлігін кеңсеге барып атқарады. 

 

Үндістанда фрилансер журналистерге қысым күшейді  

Үндістанда қашықтан жұмыс істейтіндердің дені – БАҚ өкілдері. Бірақ аймақта оларға қарсы қысым күшейіп, шабуыл жиілеген. Тірлігін қашықтан атқаратын тілшілерді ғаламтор желісінде қорлау, балағаттау деректері көбейіп кетті. Мұның салдары журналистердің психикалық денсаулығына зақым келтіріп отыр.

Мохаммад Реяз, медиа сарапшы:

- Фрилансерлерге қоғамнан жиі қауіп төнеді. Оларды нақақтан нақақ айыптап, үстінен сотқа шағымдану деректері де көбейіп кетті. Сорақысы сол, жалған айыппен темір торға тоғытылған тілшілер де бар.

 

Биыл қандай фриланс жұмыс сұранысқа ие?

Журналист демекші, Forbes-тың биыл жүргізген зерттеуіне сәйкес, табыс көзі көп фриланс жұмыстың үздік үштігіне енді. Әлемнің кез келген бұрышында мәтін жазып, редакциялайтын, блог, контент жүргізетін фрилансерлер биыл сұранысқа ие. Онымен қоса, қаламақысы да аз емес. Мұнан соң логотип, веб-дизайн, әлеуметтік медиа үшін визуалдық контент жасайтын графикалық дизайнерлерге де жұмыс көп. Биыл тағы медиабайерлердің дәурені жүріп тұр. Олар қашықтан-ақ бизнес-клиенттермен жұмыс істеп, жарнама алаңдарын сатып алуы үшін ең жақсы платформаларды анықтауға көмектеседі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz