Ыстамбұлда АҚШ пен Ресей келіссөздерінің кезекті раунды өтті.
Тараптар, дипломатиялық өкілдіктердің жұмысын қалпына келтіру мәселесін талқылады. Босфор бұғазы жағалауында қандай шешім қабылданды? Тараптар не дейді?
Меруерт Қанағат, тілші
Армысыз, Арман мырза! Ыстамбұлдағы кездесу жергілікті уақытпен сағат 10:00-де басталды. Бұл жолғы кездесу Ресей бас консулдығында өтті. Ал ақпан айындағы кеңестер Ыстамбұлдағы АҚШ бас консулының резиденциясында ұйымдастырылған болатын. Тараптар осылайша келіссөз өтетін жерге қатысты тепе-теңдікті сақтаған. Ресей делегациясын федерацияның АҚШ -тағы елшісі Александр Дарчиев, ал Ақүйден Мемлекеттік хатшының Еуропа және Еуразия істері жөніндегі көмекшісінің орынбасары Соната Култер бастап келді. Атап өтетін жәйт, Американың Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс хабарлағандай, бұл кездесуде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу немесе қауіпсіздік мәселелері талқыланбаған. Кездесуге қатысты алғаш болып Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова пікір білдірді.
Мария Захарова, Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта тұрақты негізде жүргізіліп жатқан нақты жұмыстар бұдан кейін де жалғасады. Дипломаттардың жұмысына кедергі келтіретін, әсіресе техникалық мәселелерді жою бойынша жұмыс істейміз.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Ресми Мәскеу мен Вашингтон арасындағы келіссөздердің екінші раунды сағатқа созылды. Басқосудан соң Бұқаралық ақпарат құралдары үшін мәлімдеме жасалған жоқ. Кездесу қорытындысын осы елдердің сыртқы істер министрліктері алдағы уақытта жариялайтын болды. Бұған дейін Дарчиев атап өткендей, ресейлік тарап дипломатиялық мүліктерін қайтару, өкілдерінің ел ішінде жүріп тұруы, визалық және қаржылық шектеулерді жою секілді мәселелер күн тәртібіне шығарылған. Сонымен қатар ресейлік делегация Ресей мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін қарастыруды да көздеген.
Тегтер #АҚШ #Ресей #Келіссөз #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz