RU
Толық нұсқаға өту

Әлем елдері энергетикалық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуде?

11.04.2025, 19:44 639

Энергетикалық қауіпсіздік – кез келген мемлекет үшін тұрақты даму кепілі. Әлем елдері бұл мәселені әртүрлі жолмен шешіп келеді, деп хабарлайды 24kz.

Өйткені БҰҰ-ның мәліметінше, 2050 жылға қарай Жер бетінде халық саны 10 млрд-қа жетуі мүмкін. Демек, энергия көздеріне сұраныс та артады. Бұл мәселені әлем елдері қалай шешпек?

 

Түркия 2035 жылға қарай 30 ГВт қуатты жел электр станциялары арқылы өндірмек

Түркия соңғы жылдары желден қуат алу техологиясын дамытуға ден қойды. Қазір елде жел энергиясының қуаты 11 ГВт-қа тең. Бұл көрсеткішті 2035 жылға қарай 30 ГВт-қа жеткізбек. Айта кетерлігі, Түркияда электр энергиясын өндірумен айналысатын 35 мыңдай станция бар. Олардың басым бөлігін кәсіпкерлер қаржыландырады. Ал мемлекет саланы реттеп, бағыт-бағдар береді. Жалпы Түркия билігі соңғы жылдары жел энергиясы саласын белсенді дамытып, жаңартылатын қуат көздерінің үлесін арттырып келеді. Осы арқылы түрік елі «жасыл» экономикаға серпін беріп, энергетикалық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуге күш салмақ.

 

Қытай 2035 жылға қарай атом энергоблоктарының санын 100-ден асырмақ

Әлемде күн, жел және су электр стансаларын салуда Қытай сөзсіз көшбасшы. Десе де, шығыстағы көршіміз көмір мен атом энергиясын дамытуға ден қойып отыр. Қытай 2035 жылға қарай атом энергоблоктарының санын 100-ден асыруға ниетті. Қазір алпауыт елде 57 ядролық реактор бар. Тағы 26 энергиялық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Биылдан бастап қосымша 11 энергоблок салу туралы шешім қабылданды. Қытайдың атом энергетикасы саласының дамуы 90-жылдардан бастау алады. Алғашқы нысан іске қосылғалы Қытайда бірде-бір апат болған емес. Мұны мамандар қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуымен байланыстырады. Қазір Қытайдың көп жерінде үшінші буынды реакторлар жұмыс істеп тұр. Солардың бірі Ляньюньган қаласындағы Тяньвань АЭС-і. Ол 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді және жыл сайын 440 миллиард киловатт-сағат энергия өндіреді. Бұл бүкіл Қытайды 4 ай бойы электрмен қамтамасыз етуге жетеді. Сондай-ақ станцияда экология мәселесі жіті бақыланады. Мамандар күн-түн демей, қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қадағалайды.

 

Вьетнамда қоқысты электр энергиясына айналдыратын зауыт салынды

Соңғы жылдары Вьетнамның баламалы энергия көздерін қолданысқа енгізуде аяқ алысы қарқынды. Мәселен, ел астанасы Ханойда тұрмыстық қалдықтарды энергияға айналдыратын зауыт салынды. Ол тәулігіне 5000 тонна қоқысты қайта өңдеп, электр қуатына айналдыруға қабілетті. Станция күн сайын 1 жарым миллион кВт сағ электр энергиясын өндіреді, Бұл шамамен 100 мың отбасыны электр қуатымен қамтамасыз етуге жетеді. Жоба аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz