RU
Толық нұсқаға өту

Әлемдегі үздік әуежайлар анықталды

12.04.2025, 10:30 680

Әуе тасымалына қатысты зерттеулер жүргізетін британдық Скайтрэкс компаниясы жыл сайынғы рейтингін жария етті.

Сингапурдың ЧангИ әуежайы бұл жолы да көш бастап тұр. Мұнда жыл сайын 60 миллионнан аса жолаушыны қабылдайды. Үздіктердің қатарына тағы қандай әуе айлақтары кірді?

Сингапурдағы Чанги тағы да үздік әуежай деп танылды

youtube.com/Business Insider

Сингапурдағы Чанги осымен 13-жыл қатарынан үздік әуежай деп танылып отыр. Мұнда ерте тіркеу жүйесі енгізілген. Сонда жолаушылар жүгін ұшуға дейін 48 сағат бұрын тапсырып қойып, емін-еркін әуежай ішін аралай алады. Мұнда 10 қабаттық сауда орталығы, спа-салондар, мұражай, көрме, кинотеатр, динозаврлар паркі, көбелектер орталығы бар. Әлемдегі ең ірі жабық сарқырама да осында орналасқан. Әуежайдың тамақтары мен әжетханалары да үздік деп танылған. Қазір бесінші терминалдың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол 2030 жылға дейін аяқталуы тиіс. 

Жолаушыларға  жайлы Чанги Сингапур экономикасы үшін де аса маңызды. Өйткені елдегі ең ірі жұмыс беруші ұйым саналады. Мұнда 15 мың адам еңбек етеді. Ол жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын қамтамасыз етіп отыр. 

Азия әуежайлары үздіктер қатарында 

Статистика көрсетіп отырғандай, Азия әуежайлары үздіктердің қатарында. Алғашқы ондыққа кірген айлақтардың тең жартысы осында орналасқан. Ал рейтингте екінші орында тұрған Катардағы Хамад Интернэшнл Таяу Шығыстағы ең үздік әуежай деп танылған. Ол сондай-ақ шопинг жасау үшін де ыңғайлы жер саналады. Рейтингте үшінші орында тұрған Токиодағы Ханеда әлемдегі ең таза кешен атанды. Айтпақшы Токиодағы Нарита айлағы да үздік бестікке кіріп отыр. Ал төртінші орындағы Сеулдегі Инчхон қызметкерлері жағынан ең жақсы деп танылды. Үздік жиырмалықта Еуропа кешендері көп. Кәрі құрлық бойынша Париждегі Шарль де Голль көш бастап тұр. Ал Орталық Азия мен ТМД елдерінің ішінде Әзербайжандағы Гейдар Әлиев әуе айлағы ең жақсы деп танылды. 

Әлемнің ең нашар әуежайлары

Үздік жиырмалыққа кірген Ыстамбұл әуежайы отбасылар үшін ең қолайлы жер болып отыр. Ал Анкара әуежайы жүз кешеннен тұратын тізімнің ең соңына жайғасты. Үздік жиырмалыққа Еуропадағы ең көп жолаушы қатынайтын айлақ - лондондық Хитроу кіре алмады. Ал ең нашар әуежайлар тізімінде Қытай мен Пәкістанның біраз кешені бар. Жалпы Скайтрэкс рейтингінде әлемнің 600-ге жуық әуежайындағы жағдай бағаланады. Мамандар жолаушылардың пікірін, қауіпсіздік, тазалық, тіркеу жүйесі секілді маңызды факторларды ескереді. 

Жұлдыз Атагельдиева, Райхан Серикова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz