Вьетнамдағы күріш алқаптары – тұмса табиғатымен таңғалдыратын туристік орындардың бірі. Оған Франциядағы Лаванда өсіретін жерлерді де жатқызуға болады. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне кіретін Жапониядағы Фудзи тауы да саяхатшылардың сүйікті орнына айналған. Демалушылардың көптігіне байланысты билік ол жерге көтерілуді ақылы еткен.
Аризонадағы Гранд-Каньонға жыл сайын 5 млн турист барады
Аризондағы Гранд-Каньон – әлемдегі ең үлкен шатқалдың бірі. 65 миллион жыл бұрын пайда болған жартасты аңғардың тереңдігі бір жарым шақырымнан асады. Ол сондай-ақ АҚШ-тың ең танымал туристік орындарының қатарына жатады. Мұнда жыл сайын 5 миллиондай саяхатшы келеді. Шатқалдың арасымен Колорадо өзені ағады.
Туристер 1200 метр биіктікте орналасқан таға пішінді шыны көпірмен жүре алады. Жаяу серуендеймін деушілер үшін 5 күндік экскурсия ұйымдастырылады. Шатқал Гранд-Каньон паркінің аумағында орналасқан. Мұнда құстардың 355, ал жануарлардың 150 түрі мекен етеді.
Прованстағы лаванда алқаптары – саяхатшылар жиі баратын орын
Францияның оңтүстік-шығысындағы Прованс аймағында лаванда алқаптары орналасқан. Оның аумағы 20 мың гектардан асады. Гүл өсірумен өңірдің 120-дан аса мекеннің фермерлері айналысады. Лаванда жаздың ортасында гүлдейді. Сондықтан осы кезде керемет құбылысты өз көзімен көру үшін туристер көп келеді. Жазда лаванда фестивалі өтіп, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, осы өсімдіктен жасалған түрлі тауарлар мен кәдесейлер сатылады.
Жылдың әр мезігілінде түсі өзгеріп тұратын күріш алқаптары
Туристердің ең көп баратын әлемдегі көрікті жерлердің бірі – Вьетнамның солтүстігінде күріш жазықтары. Оның ерекшелігі әр жыл мезгіліне қарай плантациялардың түсі өзгеріп отырады. Алқаптар дақылды алғаш егіп, ол көктей бастағанда жасыл, гүлдегенде сары, ал піскен уақытында қоңыр түске боялады. Жазықтың тағы бір ерекшелігі мұндағы алқаптар бірінің үстіне бірі тізбектеліп орналасқан. Бұл жаңбыр суы теңдей бөліну үшін жасалған. Туристер күріш алқаптарын ғана көріп қайтпай, маңайдағы тұрғындардың мәдениетімен таныса алады.
Фудзи тауына шығу үшін саяхатшылар алым төлейді
Жапониядағы Фудзи тауы – саяхатшылар арасында ең танымал туристік бағыт. 3,5 мың метр биктікте орналасқан тау 12 жыл бұрын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне кірген. Мұнда ғибадатханалар секілді діни орындар көп. Кезінде тау басына шығу діни жоралғы саналса, қазір оның шыңына ұмтылған саяхатшылардан арылмайды. Сондықтан биылдан бастап билік ол үшін алым енгізді. Енді қасиетті тауға шығатын әр саяхатшы біздің ақшамен 15 мың теңгедей төлеуі керек.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева
Тегтер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz