RU
Толық нұсқаға өту

Еуропада 17 жастан бастап көлік жүргізуге болады

17.04.2025, 08:20 700

Жыл сайын әлемде жол апатынан 1 млн-нан аса адам көз жұмады.

Мұның сыртында тағы 50 млн-дайы ауыр жарақат алып, көпшілігі мүгедек болып қалады. Жол көлік оқиғаларының кесірі көп, зардабы ауыр. Әуелі адам өмірі, одан кейін экономикалық шығын. Енді бізде көбейіп тұрған көлік апаты өзге елде қалай? Жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік тәжірибе не дейді?   

Былтыр Еуропада жол апатынан 20 мыңнан астам адам көз жұмған. Биыл жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында Еуро Одақта жүргізуші куәлігіне қатысты заңнаманы қайта қарамақ. Жаңа ереже бойынша 17 жастағы жасөспірімдерге көлік айдауға рұқсат етіледі. Тек оның жанында тәжірибелі жүргізуші болуға тиіс. Бұл - еуропалық Парламент пен Кеңес мақұлдаған жаңа өзгерістер. Сондай-ақ жүк көліктерін айдауға жүргізу құқығын растайтын құжат болуы керек. Қазірде мұндай жүргізуші куәлігін тек 21 жастан асқандар ғана ала алады. Сондай-ақ жаңа жүргізушілер үшін екі жылдық сынақ мерзімі енгізіледі. Жүргізуші куәлігіне тапсыру емтихандары жаяу жүргіншілерге, велосипедшілер мен самокат жүргізушілеріне төнетін қауіптерге де назар аударуды тексереді. Осылайша Еуро Одақ Vision Zero тұжырымдамасының аясында 2030 жылға қарай жол апаттарынан болатын өлім-жітімді 50%-ға азайтуға ниетті. 

Айта кетейік, Vision Zero – бұл жолда өлім-жітімді азайтудың халықаралық тұжырымдамасы. Алғаш рет 1997 жылы Швецияда әзірленді. Қазір бағдарлама Лондон, Вашингтон, Торонто, Чикаго басқа да АҚШ-тың 50-ден астам қаласында жұмыс істейді. 

Жаһандық жоба жол қозғалысына өзгеріс әкелді

Vision Zero бастамасымен:  2016-2019 жылдары Колумбияның Богота қаласында жылдамдықты төмендету, қауіпсіз мектеп аймақтарын енгізу арқылы жол апаттарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 14%-ға азайған. Ал осыдан 2 жыл бұрын Нью-Йорк бір жыл ішінде 480 шақырымдай қоршалған велосипед жолақтарын салып, рекорд орнатты. Грузияда үш түрлі жедел қызмет нөмірінің орнына бірегей нөмір енгізіліп, жол апаты оқиғасына дер кезінде жету уақыты жақсарды. Ал Лондонда 12 тоннадан асатын жүк көліктері қалаға кірер алдында жүргізушілердің кабинадан жақсы көрінуін қамтамасыз ететін қауіпсіздік рұқсатын алуға тиіс. Бұдан бөлек, Үндістанның Одиша штатында жол-көлік апаты жиі болатын аймақтарда тұратын 12 мыңнан астам адам алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқу-жаттығудан өтті.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры:   

- Өлімге әкелетін жол-көлік оқиғаларының дені жаяу жүргіншілердің, велосипедшілер мен мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен болады. Кейінгі 10 жылда жаяу жүргіншілер арасындағы өлім көрсеткіші 3%-ға артып, 274 000 адамға жетті. Бұл әлем бойынша жол-көлік апатынан қаза тапқандардың 23%-ына тең. Сондай-ақ әлемдегі жолдардың 80%-ы жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. 

Швецияда жол бағыттары ауысып тұрады  

Швецияда «2+1» жобасымен салынған жолдар бар. Яғни екі жолақ бір бағытта және бір жолақ қарсы бағытта, ортасы мен шеті арқан тәрізді қоршаулармен бөлінген. Бұл жолақтар уақыт өте келе ауысып тұрады, яғни екі бағытта да басып озуға мүмкіндік береді. Мұндай жолдарды көптеп салу өлім-жітімді 90%-ға азайтқан. Жалпы жол апатын азайту адам өмірін сақтаудан бөлек, экономикаға да әсер етеді. Қарапайым ғана ереже, әр жолаушы қауіпсіздік белдігін тағып, жылдамдықты шектен асырмай жүретін болса, жолдағы келеңсіз оқиғалар болмас еді. Сәйкесінше жол апаттары салдарынан болатын шығындар да азаяды. Сөйтіп әр елдің экономикасына артық салмақ түспес еді.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz