EPI экологиялық индексі бойынша әлемде таза елдер көшін Эстония бастап тұр.
Бұл мемлекет Бүкіл әлемдік тазалық күні бастамасын 2018 жылы көтерген еді. Қазір оған 200-ге тарта елден жыл сайын 25 млн-дай адам белсене қатысады. Тазалық - тиімді экологиялық саясаттың, халықтың саналы мәдениетінің және ортақ жауапкершіліктің нәтижесі.
Жапонияға жолыңыз түссе, қоқыс жәшігін таппай сандалуыңыз мүмкін. Өйткені бұл елдің тұрғындары қоқысты көрінген жерге тастамайды. Мұндай әдеп халықтың қанына сіңген үрдіс. Өйткені тазалық туралы ұғымды түсіну балабақшадан басталады. Тазалыққа баулу аяқкиімді дұрыстап қоюды үйретуден басталады. Оған қоса, Жапонияда мектептердің көбінде тазалық қызметкері деген жоқ. Барлығын оқушылар өзі тазалайды. Сондай-ақ мектеп қабырғасында жүріп қоқысты дұрыс сұрыптауды үйренеді. Жалпы елде қалдықтарды төрт түрге, кей өңірлерінде тіпті 18 түрге бөледі. Тіпті Иокогама қаласының әкімдігі тұрғындарға қоқысты түрге бөлу бойынша нұсқаулық әзірлеген. Онда қалдықтардың 518 түрі көрсетілген.
Юкико Нисикава, Орман шаруашылғы мен экология саласындағы сарапшы:
- Жапонияда ағаш отырғызу және табиғатты қорғау бойынша көптеген бастамалар жүзеге асып келеді. Елде ағаш отырғызу науқандары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл елдің экологиясын қорғауға әсер етеді. Жапонияның табиғатқа деген құрметі жоғары деңгейде. Халық үшін табиғат тек қана сыртқы әлем емес, бұл олардың рухани әлемінің ажырамас бір бөлігі.
Сеулде қоқысты кез келген уақытта шығаруға болмайды
Қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу, ағаш егу және экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстар Оңтүстік Кореяны да әлемдегі ең таза елдердің бірі етіп отыр. Бұл елде тұрғындар қоқысты дұрыс сұрыптауға мән береді. Тіпті оны дұрыс реттемеген адамға 100 доллар көлемінде айыппұл салады. Бұл теңгемен 50 мыңдай. Сеул сияқты ірі қалаларда тіпті арнайы қоқыс жинайтын белгілі уақыт бар. Яғни тұрғындар кез келген уақытта қоқыс тастай алмайды.
Ли Чжин Со, Оңтүстік Корея экологиялық ұйымының өкілі:
- Тазалық мәдениеті мемлекеттік шаралармен ғана емес, халықтың білім беру жүйесінде де бар. Оңтүстік Кореяның мектептерінде экологиялық білім беру жүйесі ерте жастан бастап, қоршаған ортаны қорғау, қоқыс сұрыптау, энергия үнемдеу және табиғатты қорғау туралы түсіндіріледі. Бұл халық санасының өзгеруіне және экологиялық жауапкершіліктің қалыптасуына себеп болады.
Германияда тұрғындар өз бағындағы ағашты кесе алмайды
Тазалыққа мән беретін халықтың бірі - немістер. Германия әлемде көшелерінің тазалығымен танымал. Өйткені елде қоғамдық орындарға бей-жай қарамайды. Көптеген қалада қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін түрлі айыппұлдар салынады. Оны «қоқыс шерифтері» деп аталатын арнайы қызметкерлер бақылап отырады. Айыппұл қоқысты арнайы жәшікке тастамағандар үшін ғана емес, субұрқақта шомылғандарға да қатысты. Мәселен көшеге шөлмек, темекі тұқылы, газет-журнал сияқты қоқыс тастағандар 20 еуро айыппұл төлейді. Бұл теңгемен 11 мыңдай. Сондай-ақ бұл елде Pfand атты шөлмектерді өткізу жүйесі бар. Тұрғындар босаған ыдыстарды ақшаға айырбастай алады. Бұдан бөлек, тұрғындар өз бағындағы ағашты өз бетінше кесе алмайды. Ол үшін қала әкімшілігінен тиісті рұқсат қағазы болуға тиіс. Көше тазалығын сақтаудағы тағы бір ереже - ит асырайтындарға қатысты. Иттерге арнайы бөлінген орындарда ғана көгалдарды басуға рұқсат. Әйтпесе иесіне 14 еуро айыппұл салынады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #қоқыс #тазалықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz