Газа секторында қарулы қақтығыстан науқастар зардап шегіп жатыр. Олардың үй- күйі жоқ. Ал ауруханада орын тапшы.
Мұндағы көптеген ауруханалар әлдеқашан жермен-жексен болған. Ал өзге елге шығуға қарулы әскер мұрсат бермейді. Израиль тарапы шекараны бекітіп тастаған.
Газада бүйрегі жоқ науқастар өлместің күнін кешіп жүр
Бұл науқастың есімі Аттия. 1,5 жылдан бері оның өмірі нағыз азапқа айналды. Осы уақыт ішінде 6 рет елдімекен ауыстыруға тура келген. Қазір уақытша шатырда тұрып жатыр. Бүйрегі жоқ науқастарға таза минерал су ішу керек. Бірақ қазір Газа секторында «байтал түгіл, бас қайғы» болып жатыр.
Мұхаммед Аттия, науқас:
- Соғыс - қасірет. Онсыз да әрең өмір сүріп жүргенде, мына қарулы қақтығыс «жығылғанға жұдырық» болды. Таза минерал сулардың бағасы удай. Біз сатып ала алмаймыз. Өлместің күнін кешіп жүрміз.
Газа секторында бүйрегі жоқ 683 науқас бар. Дәрігерлер қарулы қақтығыс басталғалы олардың арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 42 пайызға артты дейді. Мәселені ушықтырған басты мәселені бірі - таза ауыз судың жоқтығы. Қазір қолда бар су қатты ластанған және құрамында тұз көп.
Ғази әл-Язиги, Шифа ауруханасының Нефрология және диализ бөлімінің басшысы:
- Науқас негізі аптасына 4 сағаттан 3 рет қанын тазартуы керек. Бірақ жараланғандар саны көбейіп, медициналық құралдар тапшылыққа айналған соң, біз 3 сағаттан аптасына 2-ақ рет диализ жасап жүрміз. Әрине мұның салдары ауыр болмақ.
Газа секторы қазір соғыс жағдайында. Аураханалар Израиль шабуылдарынан жараланған науқастарға лық толы. Осының кесірінен басқа науқастар назардан тыс қалып қойған.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Газа #ауруханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz