RU
Толық нұсқаға өту

Tesla Сауд Арабиясының нарығына шықты

23.04.2025, 14:55 555

Әлемге әйгілі электромобиль өндірушісі Tesla Сауд Арабиясының нарығына шықты. Жаңа сауда орны Эр-Риядта ашылды.

Технологиялық алпауыттың аймақтағы ірі нарыққа келуінің өзіндік себебі бар. Биыл компания саудасы 13 пайызға төмендеген. Бұған бәсекелестіктің күшеюі мен бірлестік қожайыны Илон Масктың саясатқа араласуы әсер еткен. Tesla Сауд Арабиясының нарығын жаулап ала ма? 

Үлкен экранда шөл даланы қақ жарып, жүйіткіп бара жатқан «Тесланың» электромобилдері. Бұл  әлемге танымал америкалық алпауыттың Эр-Риядта алғашқы сату орталығын ашуға орай ұйымдастырылған салтанатты жиыны. Іс-шараға келген жұрттың қарасы қалың. Әйгілі компанияның осы аймақтағы ірі нарықтың біріне енуі көп өзгеріс әкелуі мүмкін. 

Мохаммед Усама, жергілікті тұрғын:

- Сауд Арабиясы бұл салаға енді ден қойып жатыр. Сондықтан бәрі бірден болмайтыны анық. Еліміз қажетті инфрақұрылымды қысқа уақыт ішінде салып, Америка мен Еуропаны қуып жетуге мүмкіндігі мол деп ойлаймын. 

Сауд Арабиясы электромобиль саласын дамытуы үшін әлі көп жұмыс істеуі керек. Айталық бүгінде ел аумағында небәрі 101 қуаттау бекеті бар. Бұл көрші Біріккен Араб Әмірліктерінен екі жарым есе аз. Ең қиыны, Эр-Рияд пен Меккені жалғайтын 900 шақырымдық магистраль бойында бірде-бір қуаттау станциясы жоқ.

Файез Иштабули, жергілікті тұрғын:

- Корольдік аумағында қалалар арасындағы қашықтық ұзақ. Оны жүріп өту үшін Tesla көліктері жарамайды. Өйткені жол бойында  қуаттау бекеттері жоқ. 

«Тесланың» бас қатырар мәселесі бұл ғана емес. Сауд Арабиясының нарығын жаулап алу да қиынға соққалы тұр. Өйткені электромобиль саласындағы басты бәсекелесінің бірі BYD компаниясы жергілікті нарыққа бір жыл бұрын кіріп қойған. Қытайлық бірлестігінің өкілі Карлос Монтенегороның сөзінше, Сауд Арабиясында электромобильге қарағанда гибридті көліктерге сұраныс жоғары. Өйткені күннің ыстығынан электромобильдердің қуаты тез таусылатын көрінеді. 

Карлос Монтенегро, Сауд Арабиясындағы BYD компаниясының бас директоры:

- Сауд Арабиясында BYD компаниясы сататын көліктердің шамамен 70 пайызы – толық электрлі емес, гибридті. Оларды нарыққа шығармас бұрын мамыр мен қазан айлары аралығында сынақтан өткіземіз. 100 мың шақырымнан кейін қуаттау циклы мен кондиционер және басқа да жүйелерді тексереміз.

Сауд Арабиясы электромобильдер үлесін 5 жылда 30 пайызға жеткізуді қалайды. Саланы дамытуға 39 млрд доллар бөлінген. Себебі ел билігі мұнайдан басқа салаларды дамытудың маңыздылығын түсінеді. Сондықтан осы нарыққа ден қойып, электромобильдер үлесін арттырмақ. Ал сарапшылар «бұл жаһандық трендтің өзгеріп жатқанының айқын көрінісі»,- дейді. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz