Лондонда жоспарланған бейбіт келіссөздер кейінге қалдырылды, деп хабарлайды 24KZ. Бұған Қырымды Ресейдің бір бөлігі ретінде мойындау туралы АҚШ-тың ұсынған жоспарын Киевтің қабылдамауы себеп. Саммитке Ұлыбританияның сыртқы істер министрі де, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы да қатысқан жоқ.
Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған Лондондағы басқосуда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен арнайы өкілі бой көрсетпеді. Сондықтан бейбіт келіссөз Ұлыбритания, Франция, Германия, Украина өкілдерінің кездесуіне ойысты.
Қырым Ресейдің құрамына енгенін Америка мойындауы тиіс. АҚШ тарапынан ұсынылған жоспары осы еді. Бірақ бұл ұсынысты Украина президенті бір күн бұрын қабылдамай тастады.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Украина Қырымның аннексиясын заң жүзінде ешқашан мойындамайды. Бұл жөнінде әңгіме қозғаудың өзі орынсыз. Бұл біздің Конституциямызға қайшы. Бұл Украина халқының жері. Біз жай ғана: «Неге олай болмасқа?», – деп айта алмаймыз. Олай болмайды.
Британиялық БАҚ-тың хабарлауынша, Ресей президенті шабуылды қазіргі майдан шебінде тоқтатуды ұсынған. Бұл жоспар шамамен Украина аумағының 20%-ін Ресейдің бақылауында қалдыруды көздейді. АҚШ президенті Киев пен Мәскеу келісімге келмесе, Америка арағайындықтан «бас тартады» деп ескертті. АҚШ мемлекеттік хатшысы Лондонға келуі тиіс еді, бірақ бармайтыны бір күн бұрын белгілі болды.
Тэмми Брюс, АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі:
- Марко Рубио жұмыс кестесіне сәйкес туындаған логистикалық қиындықтарға байланысты кездесуге қатыспайды. Иә, АҚШ-тың Украинадағы өкілі бұл басқосуға баратынын білемін. Біз оның Лондондағы кездесуге қатысты есебін асыға күтеміз.
Париж бен Берлин де өз министрлерінің ресми сапарын кейінге қалдырды. Дегенмен министрлер деңгейіндегі кездесу жақын арада өтуі мүмкін. Украинаның одақтастары тараптар аумақ бойынша ымыраға келгеннен кейін қауіпсіздік кепілдіктерін және қирандыларды қалпына келтіру жобаларын жүзеге асыруға үміттеніп отыр. Ұлыбритания мен Франция АҚШ президентінің бастамасы бойынша ұйымдастырылып жатқан бейбіт келіссөздерден қалыс қалмау үшін барын салып жатыр.
Лондон мен Париж қақтығыс аяқталған соң Украинаға британ, француз және басқа да шетелдік әскерлерді орналастыру үшін «еріктілер коалициясын» құру идеясын ұсынағаны белгілі. Бірақ әскери сарапшылар бұл жоспардың АҚШ пен оның ауқымды әскери қолдауынсыз іске асуы екіталай екеніне күмән келтіріп отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #ресей украина #Лондон #Украинадағы қақтығыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz