RU
Толық нұсқаға өту

Пәкістандық шаруалар қуаңшылықтан қорқып отыр

27.04.2025, 13:12 483

Суға талас Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасты тығырыққа тіреді.

Ресми Дели трансшекаралық суларды пайдалану туралы келісімнен шықты. Жуырда Кашмирде лаңкестер туристерге оқ атып, 30-ға жуық адам көз жұмды. Үндістан билігі лаңкестік шабуылға ресми Исламабадтың қатысы бар деп санайды. Сондықтан, бұған қарымта жауап ретінде Пәкістанға баратын Инд өзенін бөгеп тастады. Тіршілік нәріне таластың арты неге әкелуі мүмкін? 

Қазір пәкістандық шаруалар: «Үндістан су беруді тоқтатса, елді қуаңшылық жайлады» деген уайыммен отыр. Солардың бірі  - Хомла Такхур. «Бары да, нары да» өсіріп отырған бақшасы Инд өзенінің дәл етегінде орналасқан. Оның айтуынша, соңғы күндері су айдынының түбі көріне бастады. «Жағдай осылай жалғаса берсе, 240 млн адам ашаршылыққа ұрынуы мүмкін»,- дейді шаруа.

Хомла Такхур, шаруа:

- Егер олар су жеткізуді тоқтатса, бұл жер шөлге айналады. Бүкіл елдің келешегіне балта шауып отыр. Су болмаса, ештеңе өспейді, ол айтпаса да түсінікті.

Үндістаннан Пәкістанға келетін 6 өзеннің суы 16 млн гектар алқапты суару үшін қолданылады. Екі ел тіршілік нәрін бірлесіп пайдалану бойынша келісімге 1960 жылы қол жеткізген. Содан бері қос тараптың арасындағы ахуал ара-кідік шиеленісіп тұрды. Бірақ, ресми Дели Пәкістанға баратын өзендерді осы күнге дейін жапқан емес. Ресми Исламабад Үндістанның қазіргі әрекетін «соғыс ашу» деп бағалады.

Билавал Бхутто Зардари, Пәкістанның бұрынғы Сыртқы істер министрі:

- Бұл келісімнің тоқтатылуы елдің болашағына кері әсер етеді. Екі ел арасында шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелер өте көп. Енді оған суға қатысты дау қосылса, бұл келер ұрпақ үшін саяси шиеленісті одан сайын тереңдетеді.

«Кашмирдегі лаңкесттік шабуылды ұйымдастырғандардың екеуі Пәкістан азаматы. Сондықтан Үндістан билігі қылмыскерлердің артында ресми Исламабад тұр деп санайды. Пәкістан  өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Лаңкестік шабуылға қатысты бейтарап тергеу жүргізуді талап етіп, халықаралық қауымдастық шындықтың бетін ашуға шақырды. Ал сарапшылар екі ел арасындағы текетірес, бүкіл Оңтүстік Азияның тұрақтылығына кері әсер етеді», - дейді.   

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz